Канвон-2024. Спортшыларды шығарып салу рәсімі өтті
Кореяның Канвон қаласында өтетін жасөспірімдер арасында IV Қысқы олимпиада ойындарына ұлттық құрама ойыншыларын ресми шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
19 қаңтар күені Канвон-2024 қысқы Олимпиада ойындары басталады. Оңтүстік Кореяда өтетін додаға әлемнің 50 елінен 1800 спортшы қатысады деп жоспарланған. Жасөспірімдер спорттың 7 түрінен бақ сынайды.
Спортшылар мен жаттықтырушылар, Сіздер барлық іріктеу сындарынан өтіп, Канвон-2024 қысқы олимпиада ойындарына жолдама алған әлемдегі жетекші спортшылардың қатарына кіре алдыңыздар. Жасөспірімдер қысқы олимпида ойындарына санаулы күндер қалды. Елімізде спортшылардың дайындығы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жетісу облысында шаңғы- биатлон трассасын, Павлодар облысында мұз-сарай салу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, биыл Астана қаласындағы “Алау” мұз-сарайын жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Сіздер, әрқайсыларыңыз намысты қолдан бермей, көк байрағымыздың биіктен көрінуіне, спорттық жарыста адал күресіп, жеңіске деген бар күш-жігерлеріңізді салатындарыңызға сенемін,-деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Іс-шара барысында шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан мен конькимен жүгіру спортының өкілі Кристина Шумековаға көк туымыз табысталып, спортшылар ант берді.
Шорт-тректен ел намысын қорғайтын Ерасыл Шыңғысханның бұл спортпен айнласқанына 7 жыл болған. Орал қаласының тумасы.
Дайындығымыз жақсы. Шорт-тректен орын алуға мүмкіндік көп спорттың бірі. Көк туымызды көтеру маған үлкен мәртебе. Сондықтан бар күш-жігерімізді саламыз. Ұлттық құраманың формасы да ұнады ,- дейді Ерасыл Шыңғысхан.
Айта кетейік, Канвон қаласында ел намысын қорғауға 42 атлетіміз аттанады.