Қаншалықты артта қалғанымызды түсінесіз. Сенатор министрге Мәскеуге барып қайтуға кеңес берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев палатаның жалпы отырысында өсімдіктер карантині бойынша отандық зертханалардың жұмысы сын көтермейтінін айтты.
Бүгін жалпы отырыста «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңы қабылданды. Осы заң жобасын қорғап, баяндама жасауға келген Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов депутат Ақылбек Күрішбаевтың сынына тап болды.
Сенатор жақында қауіпті вирус табылды деген себеппен қазақстандық томат пен бұрыш өнімдерін Ресейге кіргізуге тыйым салынғанына назар аударып, бұған зертханалардың аталған бағыттағы мардымсыз жұмысы да себеп болғанын жеткізді.
Мұндай сауда соғысында тауардың сапасын ғылыми тұрғыдан растау басты дәлел болып саналады. Ал біздің зертханалық базамыздың жағдайы ешқандай сын көтермейді. Он жыл бойы біз өсімдіктер карантині бойынша зертхананы жөнді ұйымдастыра алмай келеміз. Не заманауи база, не зерттеудің қазіргі әдістерін меңгерген кәсіби мамандар жоқ. Тіпті, сол вирусты талдау үшін ПТР тестілерін Ресейден, яғни, бізге сауда кедергілерін тудырып отырған елден сұрап алдық. Егер өз бизнесімізді қорғағымыз және Одақтың толыққанды мүшесі болғымыз келсе, осылардың барлығы өзімізде болуы керек,- деді Ақылбек Күрішбаев.
Ол осы ретте мен бұл жұмысқа жауапты лауазымды тұлғаларға кеңес берді.
Мәскеуге барып, бүкілресейлік өсімдіктер карантині ғылыми-зерттеу институтының қалай жұмыс істейтінін көрсеңіздер. Біздің қаншалықты артта қалғанымызды түсінер едіңіздер. ГМО өнімдерін зерттеу жүйесі жағдайына қатысты да осы жағдайды айтуға болады. Сондықтан елімізге гендік модификацияланған тамақ өнімдерінің және тұқым материалының кіру қаупі өте жоғары. Көрсетілген мәселелердің экономика және азаматтарымыздың денсаулығын қорғау үшін ерекше маңызын ескере келе, сараптамалық қызмет көрсететін барлық зертханаға жан-жақты тексеру жүргізіп, оларды қазіргі заманғы деңгейде кадрлық, техникалық және әдіснамалық тұрғыдан қамтамасыз етіп, мемлекетіміздің сараптама жүргізетін мекемелерін жаңғырту жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажет деп санаймын. Құрметті Бақыт Тұрлыханұлы, уәкілетті органның басшысы ретінде осы мәселені өзіңіз бақылауға алсаңыз, - деді сенатор.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Таразда халықты алдап, ақшасын иемденген екі тұрғын ұсталды
Келесі жаңалық
«Наз» мемлекеттік би театрына - 25 жыл
Өзгелердің жаңалығы