Кандидаттар бүгін қандай шаралар өткізді?
Президенттікке үміткер Қарақат Әбден сайлауалды сапарымен Алматы облысы Талғар қаласына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Талғар қаласының тұрғындары мен осы аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытып жүрген кәсіпкерлер Қарақат Әбденнің сайлауалды бағдарламасымен танысты.
Кездесу аясында кандидат ел экономикасы үшін шағын және орта кәсіпкерліктің қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар жиын барысында кәсіп пен отбасылық құндылықтарды ұштастыру, қазақтың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін дәріптеу, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту сынды бірқатар мәселелер талқыға түсті.
Бұдан бөлек, Қарақат Әбден Алматының мәдени тыныс-тіршілігімен танысып, «Astana Musical» театры сахналаған халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған қойылымды тамашалады.
Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова елдің оңтүстігіне сапарлады. Кандидат Шымкент қаласында тігін фабрикасының жұмысшыларымен кездесті. Құқық қорғаушыны тыңдауға 250-ден астам қызметкер жиналды.
Үміткер бір мезгілде ақша тауып, бала өсіріп, салт-дәстүрді сақтап, ірі кәсіпорынның жүгін көтеріп жүрген әйелдерді мақтан тұтатынын атап өтті.
Сондай-ақ, фабрика басшысы кәсіпорынның салықтың көптігі, білікті кадрлардың тапшылығы, тұрақсыз сала және арнайы оқу орындарының жетіспеушілігі сияқты мәселелерге тоқталды.
Кейін ашық әңгіме айтыла бастағанда тігіншілер өз ұсыныстары мен сауалдарын ортаға салды. Әйелдер қазақстандықтардың табыс теңсіздігіне қалай алаңдайтыны туралы айтты.
Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылына барып, сайлаушылармен кездесті. Бұл туралы кандидат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды
Кездесу барысында кандидат өз бағдарламасы туралы айтып, халықтың сұрақтарына жауап берді.
Бұған дейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Ақтөбедегі проблемалық тұрғын үй алаптары бойынша рейдке қатысқанын хабарлаған едік.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Ақтөбе облысының сайлаушыларымен кездесті.
Басқосу Ақтөбе қаласының ауыл шаруашылығы колледжінде өтті. Кандидат жұртшылықпен тілдесе отырып, өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына да тоқталды.
Сондай-ақ Жигули Дайрабаев Қарғалы ауданындағы шаруашылықтарға барып, мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуге жетпіске жуық адам қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері өңірлерде сайлаушылармен кездесуді жалғастырып жатыр. Бүгін кандидаттың жақтастары Қарағандыға келіп, өңірдің бизнес-қауымдастығымен, шахтерлерімен және студент жастарымен кездесті.
Қарағанды облысының кәсіпкерлерімен әңгімелесу кезінде РҚШ мүшелері кандидаттың сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан ұлттық экономиканы дамыту және жеке бизнесті ынталандыру жөніндегі басымдықтарды талқылады.
Сондай-ақ, РҚШ мүшелері Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттерімен және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға және білім беруге қатысты саясатына баса назар аударды