Қандай жағдайда пошта жөнелтілімдеріне баж салығы төленбейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті халықаралық поштамен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелу нормалары туралы айтып берді. 

Бұл нормалар Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы № 107 «Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кейбір мәселе туралы» шешімімен айқындалған.

Осылайша, кедендік баж салығын төлемей-ақ, Қазақстан азаматтары құны 200 еуродан аспайтын және салмағы 31 келіден аспайтын сәлемдемелер ала алады. Белгіленген нормалардан асқан жағдайда, құннан 15% мөлшерде, бірақ құндық немесе салмақ нормаларынан асып кеткен салмақтың әр килограмы үшін 2 еуродан кем емес мөлшерде кедендік төлемдер талап етіледі, - делінген комитет хабарламасында.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап баж салығын төлеу үшін әрбір жеке сәлемдеменің салмағы мен құны негізге алынады. Мысалы, шетелдік интернет-дүкенде тапсырыс берілген, құны 300 еуро болатын сәлемдемеге жолаушының кедендік декларациясын тапсыру қажет. Сондай-ақ, құндық нормасынан асып кету құнына 15% мөлшерінде кедендік баждарды төлеу керек (яғни, 100 еуродан 15%). А егер сәлемдеме құны 200 еуродан төмен болса, бірақ оның салмағы 35 кг болса (яғни, салмақ нормасынан 4 кг артық), онда 4 кг салмағына кедендік баж салығына жатады.

Халықаралық пошта арқылы жіберілген жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік декларациялауға жатады. Халықаралық пошта арқылы жіберілген тауарларды кедендік декларациялау кезінде Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген құжаттар және оларға ілеспе халықаралық жөнелтілімдер (CN 22, CN 23, CP 71, CP 72, E1) жолаушының кедендік декларациясы ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Халықаралық пошта арқылы жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарлардың құны Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және осындай халықаралық пошта жөнелтілімдерімен бірге жүретін құжаттарда мәлімделеді. Бұл ретте, халықаралық пошта жөнелтілімінің мәлімделген құны, егер ол Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген құжаттарда көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарлар құнынан асып кетсе ғана жеке пайдалануға арналған тауарлардың құны болып саналады. Жеке пайдалануға арналған тауарлардың құнына көлік және сақтандыру шығындары кірмейді, - деп қосты ведомствоның баспасөз қызметі.

Халықаралық пошта айырбастау орындарында (мекемелерінде) сақталған халықаралық пошта жөнелтілімдері үшін уақытша сақтау мерзімі алты айды құрайды.

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы № 107 «Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кейбір мәселелер туралы» Шешіміне (№1 қосымша) сәйкес, жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелу нормаларын одан әрі төмендету қарастырылмағанын ескеру қажет.

Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 2-бабы 1-тармағының 47-тармақшасына сәйкес, халықаралық пошта жөнелтілімдері - Дүниежүзілік пошта одағының (бұдан әрі - ДПО) актілеріне сәйкес пошта алмасу объектілері болып табылатын, ДПО актілерінде көзделген құжаттар ілестіре берілетін, халықаралық пошта алмасу орындарынан (мекемелерінен) ЕАЭО кедендік аумағының шегінен тысқары жіберілетін не ЕАЭО кедендік аумағына халықаралық пошта алмасу орындарына (мекемелеріне) келіп түсетін не ЕАЭО кедендік аумағы арқылы транзитпен жүретін сәлемдемелер және жазбаша хат-хабар жөнелтілімдері.

Халықаралық пошта жөнелтілімдерінің жоғалуы, бүлінуі, халықаралық пошта жөнелтілімдеріне салынған заттардың жетіспеуі, халықаралық пошта жөнелтілімдерінің жеткізілмеуі немесе жіберілмеуі үшін Дүниежүзілік пошта конвенциясының ережелеріне сәйкес пошта әкімшіліктері жауапты.

ДПО-ға мүше елдер аумағында пошта байланысының қызметтерін көрсететін ұйымдар пошта операторлары болып табылады. Қазақстан Республикасында мұндай оператор «Қазпошта» акционерлік қоғамы болып табылады.

Сәлемдеменің қайда екенін «Қазпошта» АҚ-ның www.post.kz ресми сайтынан көруге болады (сәлемдеме Қазақстан Республикасының шекарасынан өткен сәттен бастап бақыланады). 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы