Канададағы бұрын-соңды болмаған өрт. Жаһандық жылудың ендігі әсері қандай?

Климаттың өзгеруі орман өртінің санын арттырды. Норвегиялық климат пен қоршаған ортаны зерттеу институтының ғалымдары осындай қорытындыға келді. Жалпы жыл басынан әлемде өрт жиілеп кетті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Канаданың жайы

Канадада жыл басынан шамамен 46 мың шаршы км орман өртенді. Бұл өткен жылдардағы орташа көрсеткіштен әлдеқайда көп.

Квебек провинциясының қоғамдық қауіпсіздік министрі Франсуа Боннардел Канададағы орман өрті жаз бойы созылатынын айтты.

Квебек тарихында бірінші рет ауқымды өртпен күресіп, көп адамды эвакуациялауымыз керек. Жаз бойы күресуге тура келеді деп ойлаймыз, - деді ол.

Өрттің бақылаудан шығып кеткені сонша, кейбір орман шаруашылықтары кетуге мәжбүр болды, - деді Йеллохед округінің бас әкімшілік директоры Люк Мерсиер. 

Қазіргі таңда Канада ормандарында 416 белсенді өрт ошағы бар, оның 203-і бақылаудан шыққан. Өр маңындағы 14000-ға жуық адам эвакуацияланды.

Франция, Португалия және Испания Канадаға 280-нен астам өрт сөндіруші жіберді. Француз өрт сөндірушілері мен құтқарушылары Квебекте 3 күннен бері жұмыс істеп жатыр.

АҚШ соңғы бірнеше аптада Канадаға жүздеген өрт сөндірушілерін жіберді және алдағы уақытта қосымша көмек көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар мұндай көмек Оңтүстік Африка, Австралия және Жаңа Зеландиядан келетін болды.

Канададағы өрттің түтіні Норвегияға дейін жетті. Мамандардың айтуынша, түтін Еуропаның атмосфера қабатына жайылған. Ауа сапасының күрт нашарлауы АҚШ-тың көптеген қаласында байқалды. Күйіктің иісі, әсіресе, Вашингтон мен Нью-Йоркте қатты сезілді. Ғалымдардың пайымдауынша, жаһандық жылыну салдарынан температура көтерілген сайын дала өрттері жиі және жиі болады.

 

Нью-Йорктегі сары тұман

Миллиондаған тұрғыны бар Нью-Йорк қаласы сары тұманның астында қалды. Оған себеп – көршілес Канададағы бұрын-соңды болмаған өрт. Жалын Альберта (батыста) және Жаңа Шотландия (шығыс) провинцияларынан кейін АҚШ-тың 4 штатымен шектесетін Квебекке жетті.

Квебекке халықаралық көмек, соның ішінде Франциядан келген 100 өрт сөндіруші келді. Провинция басшылығы өрт сөндірушілер санын 1200 адамға дейін жеткізуді көздеп отыр. Премьер-министр Джастин Трюдо АҚШ президенті Джо Байденмен келіссөздерден кейін:

Жүздеген америкалық өрт сөндірушілер Канадаға келеді, қалғаны жолда, - деді ол.

Бұл оқиғаға қатысты Ақ үйдің баспасөз хатшысы мәлімет жасады:

Нью-Йоркте Бостандық мүсіні мен Манхэттеннің зәулім ғимараттары сарғыш тұманға оранып, пандемия кезіндегідей адамдар көшелерде маска тағуға мәжбүр болды. АҚШ үкіметі денсаулығында ақауы бар азаматтарды ауа сапасының күрт нашарлауына байланысты «сақтық шараларын қабылдауға» шақырды, - деді Ақ үй.

Өткен сәрсенбіде тұманның қалың болғаны сонша АҚШ Азаматтық авиация агенттігі (FAA) әуе қозғалысын бәсеңдетіп, кейбір ұшақтарды кейінге қалдырды.

 

Тілсіз жаудың себебі не? 

Ханзада Эдвард университетінің төтенше жағдайлар зерттеушісі әрі сарапшысы Струзиктің айтуынша, орман өрті көбіне найзағайдан және адам әрекетінен болады.

Канададағы өрттердің тең жартысы найзағайдан болады. Өнеркәсіптік қызметке байланысты болуы мүмкін, мәселен орманды аралайтын көліктер қозғалтқыштары қызады әрі жердегі құрғақ шөппен жанасуы мүмкін. Онымен қоса, темекісін тастайтын немесе тұтанған отты қалдырып кететін адамдар бар, - деді сарапшы.

Өкінішке қарай, орман өрті қаупі жақы аранда жойылмайды деп пайымдады Струзик. Өйткені климаттың өзгеруіне байланысты жаһандық температура көтеріліп жатыр. Оның сөзінше, температураның бір градусқа көтерілуі найзағайдың 12 пайызға арттырады.

 

Алтайдағы өрт

Ресейдің Алтай өлкесінде 4 күн бұрын тұтанған өрт әлі де бой берер емес. Тілсіз жау 5 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Өңірде осыған байланысты төтенше жағдай жарияланды. Өрт сөндірушілердің жұмысын қатты жел ыстық ауа райы қиындатып отыр. Қазіргі таңда аймақтағы ауа температурасы 38 градусқа жеткен. Прокуратура орман алабының өртенуіне байланысты тергеп-тексеру шараларын жүргізуді қолға алды.

 

Бурятиядағы жалын

Бурятияда өрт сөндірушілер Таксимо ауылы маңында өртті сөндіруде. Бір күн бұрын табиғи өрттің жалыны тұрғын үйлерге таяған болатын.

Құтқарушылар өртті сөндіруге тікұшақ пайдаланып, аймақ маңын тазартты. Елді мекендегі өрт ауыздықталды, дегемен жел бағытының өзгеруіне байланысты төтенше жағдай режимі сақталуда. Төтенше жағдай орын алған жерге Бурятия губернаторы келді.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, өрт 500 гектар жерді шарпыды. Бүгін таңертең Таксимода көптен күткен жаңбыр жауды, желдің күші азайды. Мамандар бұл өрттің таралу қаупін айтарлықтай төмендетеді дейді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы