10 Тамыз 2026, 04:27 Фото: Darryl Dyck/The Canadian Press via AP

Канадада орман өрттерінен 20 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Британдық Колумбия билігі төтенше жағдай режимін жариялады.

Канаданың Британдық Колумбия провинциясында орман өрттері салдарынан 20 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Euronews-тің мәліметінше, жұма күні басталған өрттер сенбіге қарай қатты жел мен ыстықтың әсерінен жылдам тараған. 9 тамыз таңертең өрттің жалпы аумағы шамамен 100 шаршы шақырымға жетті.

Саммерленд пен Пичленд қалаларының тұрғындары эвакуацияланды. Құтқару қызметтері өрт аймағында қалып қойған адамдарды іздеп, қажет болған жағдайда әуе арқылы эвакуациялауды ұйымдастырып жатыр.

Британдық Колумбия билігі төтенше жағдай режимін жариялады. Провинцияда жексенбі күні таңертең 102 орман өрті тіркелген.

Алдын ала мәлімет бойынша, Саммерленд маңында адам қаза болуы мүмкін деген ақпарат тексеріліп жатыр. Алайда бұл дерек әзірге ресми расталған жоқ.

Канада бойынша жыл басынан бері орман өрттері шамамен 4 млн гектар аумақты қамтыған. Ғалымдар климаттың өзгеруі мұндай экстремалды өрттердің пайда болу және таралу қаупін арттырып отырғанын айтады.