Бүгiн 2026, 20:27 Фото: Istockphoto

Канадада 11 жасар бала құтыру ауруынан қайтыс болды

Канадада 11 жасар бала жарқанатпен жанасқаннан кейін құтыру ауруынан қайтыс болды. 

Баланың денесінде көзге көрінетін тістеген немесе тырналған іздер болмағандықтан, ата-анасы медициналық көмекке жүгінбеген.

Canadian Medical Association Journal басылымының хабарлауынша, Канаданың Онтарио провинциясында 11 жасар бала құтыру ауруынан көз жұмды.

Дәрігерлердің пайымдауынша, ол бұл дертті жарқанатпен жанасқаннан кейін жұқтырған.

Отбасының айтуынша, алғашқы белгілер пайда болудан бірнеше апта бұрын бала Онтарионың солтүстігіндегі қала сыртындағы үйде демалған. Сол кезде түнде оны бетіне қонған жарқанат оятып жіберген. Бала жануарды сілкіп тастаған. Ал әкесі оны ұстап алып, далаға жібере салған.

Баланың денесінде көзге түсетін тістеген немесе тырналған іздер болмағандықтан және жарқанаттың мінез-құлқы ата-анасына оғаш көрінбегендіктен, олар медициналық көмекке жүгінбеген.

Біраз уақыттан кейін баланың беті ұйып, ісінген. Дәрігерлер алғашында Белл параличі (бет жүйкесінің сал болуы) деп болжап, ем тағайындаған. Алайда көп ұзамай баланың жағдайы нашарлап, құсу, жұтынғанда ауырсыну, қызудың көтерілуі, есінің ауысуы, галлюцинация және сілекейдің көп бөлінуі байқалған.

Реанимация бөліміне ауыстырылғаннан кейін, дәрігерлер жарқанатпен жанасуды және тән неврологиялық белгілерді ескере отырып, құтыру ауруы болуы мүмкін деп күдіктенеді. Диагноз ауруханаға түскеннен кейінгі төртінші күні расталады.

Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, баланың жағдайы нашарлай береді. Күрделі асқынулар дамып, ауруханаға жатқызылғаннан кейін 17 күн өткен соң оны өмірді қолдау аппаратынан ажыратып, бала қайтыс болған.

Айта кетейік, құтыру - бұл сирек кездесетін, бірақ ем қолданбаса, жүз пайыз өлімге әкелетін вирустық ауру. Көбінесе ол жануарлар тістегенде немесе тырнағанда жұғады. Алғашқы белгілер пайда болғаннан кейін жазылып кету мүмкіндігі өте төмен, алайда жұқтырудан кейін уақытылы жасалған вакцинация аурудың дамуын толықтай дерлік аман сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Мамандар жарқанатпен немесе басқа да жануарлармен кез келген жанасу болған жағдайда, тіпті теріде тістеген немесе тырналған іздер болмаса да, мүмкіндігінше тезірек дәрігерге көріну қажеттігін ескертеді. Бұл жұқтыру қаупін дер кезінде бағалауға және қажет болған жағдайда алдын алу емін бастауға мүмкіндік туғызады.