«Қамқорлық» оңалту орталығында 60-қа жуық бала тегін ем алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы «Қамқорлық» оңалту орталығы ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту орнына айналды. Мұнда емдеу тегін жүргізіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Біздің орталық неврологиялық патологиясы бар балаларға арналған. Пациенттерге арнайы мультидисциплинарлық тәсіл қолданылады. Балалармен невропатолог, реабилитолог сынды мамандардан басқа психологтар, дефектологтар айналысады. Сонымен қатар механотерапия, тұз шахтасы, шунгит бөлмесі бар, - деді «Қамқорлық» Орталығы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Әсел Шаймердинова.

Оның айтуынша, медициналық мекеме күндізгі стационар түрі бойынша 50 келушіге есептелген. Әр науқас 21 күн бойы емделеді. Жалпы, бір жыл ішінде оңалту орталығы 600-ге жуық баланы емдей алады. Бұл орталық елордада қолжетімді оңалтуды дамыту үшін жаңа үлгі болып саналады.

Естеріңізге сала кетейік, №1 қалалық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы Елбасының қатысуымен Тұңғыш Президент Қоры және «Самұрық-Қазына» қолдауымен ашылды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Өткен жылы қалада бірқатар оңалту орталықтары ашылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасатын болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы