Камерадан байқалған күдікті әрекет: Жетісуда жүргізуші қамауға алынды
Таңғы 05:20 шамасында полиция камералары көлікке отырған ер адамды тіркеген. Оқиға орнына жеткен патруль қызметкерлері оның жағдайын тексерді.
Жетісу облысында полиция мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні анықтады. Жетісу облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камераларына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.
Мониторинг барысында сағат 05:20 шамасында ойын-сауық орындарының бірінің маңынан Көксу ауданының 29 жастағы тұрғыны байқалған. Ол масаң күйде болуы мүмкін деген күдікпен автокөлігіне отырып, көлікпен жүріп кеткен. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері дереу бағытталды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Аталған факті бойынша материалдар сотқа жолданды. Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Жетісу облысының полиция департаменті жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға және алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмауға шақырады. Мас күйінде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді. «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі.