Кәмелетке толмағандардың құқығы мен мүддесін қорғау шаралары қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының білім беру сапасын қамтамасыз ету Департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Омарова кәмелетке толмағандардың құқығы мен мүддесін қорғау шаралары туралы айтып берді.

18 жастан кіші кәмелетке толмағандар түнде жұмыс істей алмайды, оларға үлкен физикалық жүктеме түсіретін жұмысты тапсыруға болмайды. 16 жасқа дейін еңбек шартына ата-аналардың бірі қол қоюы керек. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес 14-16 жастағы балалар аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жастағы жасөспірімдер 36 сағаттан артық жұмыс істемеулері тиіс, - деді Гүлдана Омарова.

Департамент өкілі дағдарыс оқиғасы туындай қалса, балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ олардың отбасылары Департаменттің 225-18-80 нөмірдегі жедел желіге қоңырау шала алатынын айтты.

Егер сіз балалардың денсаулығына, қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға тартылғанын білсеңіз, оған немкетті қарамай, тиісті құзырлы органдарға бірден хабарлағаныңыз жөн. Өйткені, бала денсаулығы, оның құқығын қорғау - бәріміздің ортақ ісіміз, - деді ол.

Сонымен қатар ол 2019 жылы Телеграмм мессенджерінде «Bala Qorgay» чаты құрылғанын хабарлады. Ол кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылық немесе қатыгездік фактілерін тіркеуге арналған. Каналды ашу бастамасы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитетіне тиесілі.

Өткен аптада «Bala Qorgay» чатына 63 сұрақ түсті. Шұғыл әрекет ету шаралары қабылданды. Мысалы, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаға көмек көрсетілді, - деді Омарова.

Бұл ретте келіп түскен мәселелердің негізгі бөлігі құқықтық ақпараттандыруға қатысты. Кері байланыс тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы