Камбоджа Премьер-министрі Ақордада: кездесу барысы мен келіссөз қорытындылары
Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Келіссөздерде қандай мәселелер талқыланды, тараптар қандай уағдаластықтарға қол жеткізді және ресми кездесуден тыс қандай жайттар болды? Осы сұрақтарға BAQ.KZ тілшісінің материалынан жауап таба аласыз.
Жоғары деңгейдегі байланыстар
Қазақстан мен Камбоджа арасындағы дипломатиялық қатынастар 1994 жылғы 25 ақпанда орнады. Содан бері екі ел арнайы өкілдер деңгейінде сапарлар алмасып, саяси және парламенттік байланыстарды дамытып келеді. 2024 жылы екі мемлекет өз елшілерін қоса атқарушы негізде тағайындады.
Соңғы жылдары екіжақты байланыстардың аясы кеңейіп, жаңа бағыттарды қамти бастады.
2025 жылғы сәуірде Камбоджаның Туризм министрі Хуот Хак жұмыс сапарымен Қазақстанға келді. Оның бағдарламасына Камбоджада түсірілген қазақстандық «ГӘП» фильмінің премьерасы да енді. Ал 2026 жылғы сәуірде Экология министрі Еанг Софаллет Өңірлік экологиялық саммитке қатысу үшін Астанаға келді.
Парламентаралық диалог та дамып келеді. 2019 жылғы қыркүйекте Камбоджа Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хенг Самрин Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің төртінші кеңесіне қатысу үшін Қазақстанға сапар жасады.
Бұл – Хун Манеттің Қазақстанға алғашқы сапары әрі Камбоджа Үкіметі басшысының елімізге алғаш рет келуі. Таңертеңнен бастап Ақордада кездесуге дайындық қызу жүріп жатты. Сарайда маңызды мемлекеттік оқиғалар қарсаңында сезілетін ерекше көңіл күй байқалды. Хаттама қызметінің мамандары соңғы ұйымдастыру мәселелерін пысықтап, кең залдарға екі ел делегацияларының өкілдері біртіндеп жинала бастады.
Біреулер ұйымдастыру мәселелерін талқыласа, енді біреулер бір-бірімен амандасып, өтіп жатқан жайттарды мұқият бақылап тұрды. Екі елдің жалаулары мен сап түзеген Құрмет қарауылы салтанатты атмосфераны айшықтай түсті. Сырт көзге бәрі сабырлы көрінгенімен, әр қатысушы өз орнына жайғасып, хаттама қызметкерлері жоғары мәртебелі қонақты қарсы алуға дайындықты жіті қадағалап отырды.
Қазақстан Президенті мен Камбоджа Премьер-министрі келгенге дейін залға екі елдің ресми делегация мүшелері жиналды.
Қазақстан делегациясының құрамында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдіев, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы, Камбоджа Корольдігіндегі және Лаос Халықтық Демократиялық Республикасындағы қоса атқарушы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қанат Тұмыш болды.
Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына қарсы алу рапортын берді. Осыдан кейін Қазақстан Президенті мен Камбоджа Премьер-министрі залға кіріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Тараптар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Келіссөздер
Қарсы алу рәсімі, делегация мүшелерін таныстыру және мемлекеттік әнұрандарды орындау аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет жеке форматта келіссөз жүргізу үшін арнайы залға бет алды.
Қазақстан Президенті бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Сонымен қатар қонақтың Қазақстанмен жеке байланысына да назар аударды.
«Сіздің сапарыңыз тарихи мәнге ие деп санаймын. Өйткені бұған дейін Камбоджа Премьер-министрлері Қазақстанға келмеген. Сонымен қатар Сіздің елімізбен жеке байланысыңыз бар: әкеңіз 1982 жылы Қазақстанға келген екен», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде талқыланған негізгі тақырыптардың бірі туризмді дамыту болды. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың Камбоджаның көрікті жерлеріне қызығушылық танытатынын айтып, екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін талқылауды ұсынды. Сондай-ақ гуманитарлық алмасуды жандандыру қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, табиғи ресурстар саласындағы ынтымақтастық пен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін сөз етті.
Хун Манет сапарға шақырғаны үшін алғыс білдіріп, энергетика мен цифрландыруды бірлескен жұмыстың перспективалы бағыттары ретінде атады.
«Қазір энергетика саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге мүмкіндік бар деп санаймын. Ведомстволарымызға өзара мүдделі бағыттарды бірлесіп айқындауды тапсыра аламыз. Қазақстан электронды үкімет саласында елеулі тәжірибе мен озық әзірлемелерге ие. Біздің министрліктеріміз осы бағытта тәжірибе алмасуға үлкен қызығушылық танытып отыр», – деді Камбоджа Премьер-министрі.
Одан кейін келіссөздер кеңейтілген құрамда жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Хун Манеттің сапары екі ел қарым-қатынасындағы жаңа кезеңге жол ашатынын айтты. Тараптар халықаралық аренадағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ жоғары технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Камбоджа Премьер-министрінің сапар бағдарламасына Астанадағы Alem.ai халықаралық орталығына бару да енгізілді.
Қандай құжаттарға қол қойылды?
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манеттің қатысуымен алты құжат алмасу рәсімі өтті. Олар цифрландыру, цифрлық үкімет пен GovTech, сауда, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты қамтиды. Сонымен қатар Астана мен Пномпень қалалары арасында бауырластық байланыс орнату туралы жеке меморандум жасалды.
Енді қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдыру қажет. Цифрландыру саласында тәжірибе алмасу, туризм мен сауда байланыстарын дамыту, екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықты нығайту – Қазақстан мен Камбоджа бірлесіп жұмысын жалғастыруды көздеп отырған негізгі бағыттар.