Калининград облысында соғыста хабар-ошарсыз кеткен қазақ жауынгерінің сүйегі табылды

Ресейдің Калининград облысында Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында болған қазақ жауынгерінің жатқан жері табылды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

«Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі Александр Шитовтың айтуынша, табылған сүйек қалдықтары аға сержант, гвардия мүшесі Әбдікәрім Әмірзақовқа тиесілі болып шықты.

Зеленоград облысы Красновка ауылының маңында қазба жұмыстарын «Совесть» іздестіру жасағы жүргізді. Нәтижесінде сегіз әскери адамның жатқан жері анықталды. 

Адам денелері бір-бірінің үстінде жатты. Соғыста қайтыс болған азаматтардың жатқан жерінен Қызыл Жұлдыз ордені, «Ерлігі үшін» үш медалі, сонымен қатар, әскери қасық табылды. Жауынгерлер Зеленоград округіндегі даңқ мемориалының аумағында қайта жерленеді, - дейді жасақ командирі Руслан Хисматов.

Іздестірушілер медаль номері арқылы жауынгерлер туралы ақпарат жинады. Медальдердің бірі 1922 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданының тумасы Әбдікәрім Әмірзақов немесе Әбдікәрім Өмірзақовқа тиесілі екені анықталды. Аға сержант 277-ші атқыштар дивизиясы 91-ші атқыштар дивизиясында қызмет етіп, 1945 жылдың ақпанында фашистердің қолынан қаза тапты. Солдат небары 23 жасында бақилық болған. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы