Калифорнияда 6,4 баллды жер сілкінісі болды

Алматы, BAQ.KZ. АҚШ-тың Калифорния штатында 25 жылдан кейін тағы да қатты жер сілкінісі орын алды. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.

Магнитудасы 6,4 баллға дейін жеткен жер сілкінісінің ошағы Лос-Анджелес қаласынан 196 шақырым жерде орналасқан. Қатты сілкіністен кейін төрт рет орташа магнитудада толқып өткен. 

Жер сілкінісі ошағы маңында Риджкрест қаласы мен АҚШ Қарулы күштерінің полигоны орналасқан. Зілзалаға байланысты жергілікті ауруханадағы адамдар қауіпсіз жерге көшірілген. Сонымен қатар, осы ауданда өрт болып, көптеген дүние мүлік қираған.

Апатты оқиғаға байланысты осы аумақта төтенше жағдай режимі енгізілген.

Өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, өрттен бірнеше адам жарақат алған. Құрбан болғандар жайлы ақпарат болмады.

Калифорнияда мұндай қатты жер сілкінісі 1994 жылы болған екен. Ол кезде 6,7 баллдық жер сілкінісі орын алып, 60 адам қаза тапқан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы