Қала күнін қайда өткізуге болады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін – Нұр-Сұлтан қаласының күні. Аталған мейрамды Қазақстан жұртшылығы жыл сайын 6 шілдеде атап өтеді. Қала күні - елордалықтар мен қала қонақтары асыға күтетін мереке.
Елорда күні мемлекеттік мереке болып саналғандықтан қазақстандықтар бір күн демалады. Биыл отандастарымыз 4-6 шілдеге дейін қала күнін атап өтеді. Атаулы күнді елорда тұрғындары мен қала қонақтары бас қаламыздың саябақтарында атап өтулеріне болады.
Биыл пандемияға байланысты мерекелік, мәдени іс-шаралар өткізілмейді. Басым көпшілігі онлайн форматта ұйымдастырылады.
Бүгін елордада ауа температурасы шамамен +27 градусты құрайды. Барлығымыз білетіндей, бірнеше күн бойы республика бойынша ауа райы өте ыстық болды. Дегенмен елордалықтар күннің ыстығына қарамастан саябақтарда демалғанды ұнатады.
Тұрғындардың басым көпшілігі Астаналық саябақ, Ботаникалық бақта, одан бөлек Жетісу паркінде отбасымен демалғанды ұнатады.
Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылы EXPO халықаралық көрмесінен территория маңында балаларға арналған тегін ойын алаңы салынды. Мұнда қалалықтар балаларымен келіп, көңіл көтере алады.
Сонымен қатар сол жағалау тұрғындары үшін ерекше орынға айналған Ботаникалық саябақ та демалуға таптырмас жер. Саябақ ішінде цитрустық және басқа да ерекше өсімдіктермен танысқысы келетіндер үшін жылыжай бар. Кіру ақылы.
Одан бөлек, елорда күніне орай Түркістан облысы сыйға тартқан тайқазан маңында жұмыс істейтін субұрқаққа баруға болады.
Жыл сайын қала күніне орай, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылатын. Дегенмен пандемияға байланысты биыл екінші жыл қатарынан көп шара өткізілмейді. Десе де елорда басшысы Алтай Көлгінов биыл қала күні әлеуметтік бағытта өткізілетінін айтты. Яғни мұқтаж жандарға пәтер кілттері табысталып, көру кемістігі бар балалар үшін балабақша ашылады.
Сонымен қатар биыл отшашу болмайды.
Қалалықтар мен қонақтарына арналған тағы біп саябақ – Жетісу саябағы. Ол Сарайшық кқшесі мен Түркістан көшесі қиылысында орналасқан. Мұнда балаларға арналған түрлі атракциондар бар.
Дегенмен ашық жерде орналасқан атракциондарға қонақтар Ashyq қосымшасы арқылы кіре алады.
Сонымен бірге саябақ ішінде Қазақстан мен Корея достық паркі жұмыс істейді. Корей мәдениетіне қызығушылық танытатындар осы паркке келіп, түрлі фотолар жасай алады.
Осыдан шамамен бір ай бұрын қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ерекше демалыс орны ашылды. Жаңа Demalys promenade паркі Әзірбайжан Мәмбетов пен Кенесары көшелері қиылысында орналасқан.
Мұнда келген қонақтары арбат бойынан өздеріне керектің барлығын таба алады. Мұнда қала әкімдігінің хабарлауынша, жаз бойы концерттік және ойын-сауық бағдарламалары қойылады.
Шамамен бір шақырымға созылған саябақта жәрмеңке өткізетін алаң, құралмалы сахналар, каратэ киокушинкай, муай тай, көркем гимнастика, йога сияқты спорт түрлерінен дайындалу орны қарастырылған.
Есіл жағасында да қызыққа толы жер баршылық. Арбат, Атырау көпірі де елордалықтардың сүйікті жерлеріне айналып үлгерді. Есіл жағасы бойымен жүріп, Орталық парктен бір-ақ шығуға болады. Елордадағы ең үлкен парктен балалар мен үлкендерге арналған атракциондарды таба аласыздар.
Сонымен қатар Астаналық саябақтың Тұран көшесі бойында ерекше субұрқақ бар. Ол жаз бойы балалар мен жасөспірімдердің күннің ыстығынан қорғанатын жеріне айналғаны белгілі.
Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен қонақтарын Baq.kz редакциясы қала күнімен құттықтайды. Дегенмен карантин талаптарын естен шығармауға шақырады. Әлеуметтік арақашықтықты сақтап, маска тағып, өзіңізді және жақыныңызды індеттен қорғаңыз!