Қала әкімдігі ауланы қардан кім тазарту керектігін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен демалыста күн райы күрт бұзылып, жаңбыр жауып, арты қарға ұласқан. Соның салдарынан осы аптада көктайғақ орнап, көше бойын, аулаларды қалың қар басып қалды. Коммуналдық қызмет үш ауысымды режімге көшіріліп, тәулік бойы жұмыс істеп жүр. ПИК-те қол қусырып қарап отырмай, аулаларын қардан тазартуда, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Әлеуметтік желілерде осы мәселе көтеріліп, жұрт арасында әсіресе аула қарын тазалау мәселесі қызу талқыға түсіп жатты. Оның бірі бұл жұмыс әкімдіктің шаруасы десе, енді бірі ПИК-ке тиесілі деген пікір білдіреді. Кімдікі дұрыс? Ал көше бойын қардан тазалайтын мамандардың жұмыс кестесі қандай? Көше бойын қардан тазалау жұмысына тоқталар болсақ, қызметкерлер үш ауысымды жұмыс режіміне көшкен болатын.
Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар: тұрғын үй кешендері, жолдар, аялдамалар мен ойын-сауық орталықтары қардан тазартылады. Қала қызметтері үш ауысымды жұмыс режіміне көшті, осылайша жұмысты тәулік бойы жүргіземіз, – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов жақында қар тазалау жұмыстарын тексеру барысында.
Ал тұрғын үйдің бүкіл шаруашылық жұмысы ПИК мойнында. Бірақ оның да құзіреті белгілі бір шектен аспайды.
Көпшілік ПИК-тің жұмысын дұрыс білмей жатып, сынға алғанды жақсы көреді. Бізге қатысты іс болмаса да бізді кәналап жатады. Кейбірі тіпті, баса-көктеп ПИК төрағасын ауыстыру керек деген мәселені көтереді. Ауланы толығымен тазалау біздің міндетімізге кірмейді. Кез келген аулада тұрғын үйден бес метр қашықтыққа дейінгі аралықты қардан тазалау ғана ПИК-тің мойнында. Аулада орналасқан дүкен иелері де (шағын кәсіпкерлер) өз аумағын бес метрге дейін  тазалауы тиіс. Ал ары қарайғы жұмыс қалалық коммуналдық қызметке жүктеледі. Бұл "Нұр-Сұлтан қаласының аумағын абаттандыру қағидаларының" 1-тарауында көрсетілген, – дейді ПИК төрағасы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы