Екі күндегі кадрлық тағайындаулар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше ресми түрде президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кадрлық тағайындау жасады.
12 маусымжа Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2019 жылдың 21 ақпанында отставкаға жіберілген бұрынғы Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев осы жылдың 1 наурызында ҚР Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалған еді.
Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып қайта тағайындалды. Кәрім Мәсімов бұл қызметке 2016 жылдың 8 қыркүйегінде келген болатын.
13 маусымда Үкімет мүшелері мен әкімдер тағайындала бастады
Бүгін мемлекет басшысы елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының әкімі етіп Алтай Сейдірұлы Көлгіновті тағайындады.
Көлгінов бұрын басқарған Батыс Қазақстан облысына енді Ғали Нәжімеденұлы Есқалиев әкім болып тағайындалды.
Ал Ерлан Еркінұлы Баттақов Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқарушысы болып тағайындалды.
Сонымен қатар, ҚР президенті ел күзетіндегі бастықты да ауыстырды. Әнуар Төлеуханұлы Садықұлов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды. Әнуар Садықұлов президент күзетінің қызметінде 1992 жылдан бастап еңбек етіп келе жатыр.
Ал 2019 жылдың 25 ақпанында білім және ғылым министрі болып тағайындалған Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова қызметінен босатылып, орнына Асхат Қанатұлы Аймағамбетов білім және ғылым министрі болып тағайындалды.