Кадрлық резервке алынған педагогтер еліміздің 100-ге жуық мектебіне басшылыққа тағайындалды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап елімізде менеджерлердің кадрлық резервін іріктеу және дайындауға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, оның алғашқы құрамына 207 педагог іріктеуден өткен. Қазір олардың 100-ге жуығы мектеп директоры қызметіне кірісті.
Кадрлық резервке алынған елордалық педагогтермен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кездесті.
Кездесуде ведомство басшысы білім беру сапасын арттырудың маңызды міндеттеріне тоқталды. Бұл - менеджментті нығайту, оқу бағдарламаларын жаңарту, ауыл мектептерін қолдау бойынша кешенді бағдарламаны іске асыру, педагогтерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру тәсілдерін жетілдіру, инфрақұрылымдық кешенді жақсарту, сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау сияқты бес негізгі бағыт.
Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының мақсаты мен міндеті білім беру жүйесінің сапасын арттыру және басқарушы кадрлардың жаңа буынын қалыптастыру. Біз үйлесімді жұмыс істеуіміз керек. Сіздерге жобаның алғашқы түлектері ретінде үлкен жауапкершілік артылады. Қазір сіздердің алдыларыңызда балаларымыз бен педагогтерімізді жайлы және қауіпсіз жағдаймен қамтамасыз ету сияқты басты міндет тұр, – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Кездесуге жоба аясында іріктеуден өткен елордалық 15 көшбасшы қатысты. Қазіргі таңда резервке алынған педагогтердің алтауы басшылық лауазымдарға тағайындалған. Сегіз ай ішінде олар жеке, кәсіптік, басқару, аналитикалық дағдылар мен құзыреттер бойынша дайындықтан өтті.
Айта кетейік, жобаға бүгінде педагогтер арасында сұраныс артып келеді. Биыл оған қатысуға 10 мың мұғалім өтінім берген. Былтырғы жылмен салыстырғанда қызығушылық танытып отырғандардың саны 2,5 есе артқан.