23 Тамыз 2026, 09:49 Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Кадеттер арасындағы дзюдодан ӘЧ: Қазақстандық спортшылар тарихи нәтиже көрсетті

Ұлттық құрама үш алтын, үш күміс және төрт қола медаль жеңіп алды.

Эквадорда өткен 2026 жылғы кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионаты Қазақстан дзюдосы тарихына бірден бірнеше рекордтық жетістікпен енді.

Үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша жекелей сында қазақстандық дзюдошылар 10 медаль жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын, үшеуі – күміс және төртеуі – қола. Осы нәтижемен Қазақстан құрамасы жалпы медальдық есепте екінші орынға тұрақтады.

Фатима Сұпығалиева қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы болды.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағы екінші жыл қатарынан Қазақстанда қалды. 2025 жылы осы салмақта Ернұр Батырғали жеңіске жетсе, биылғы әлем чемпионатында Ғабит Расулхан алтын медаль иеленді.

Айта кетейік, дәл осы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Елдос Сметов Париж Олимпиадасының чемпионы атанған болатын.

Бір әлем чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алу да тарихи жетістік болды. Бұған дейін Қазақстанның дзюдодан құрамасы бір әлем біріншілігінде үш алтын иеленбеген. Эквадорда ұлттық құрама жекелей сынды алғаш рет үш әлем чемпионымен аяқтады.

Сонымен қатар 10 медаль Қазақстан құрамасының әлем чемпионаттарындағы рекордтық нәтижесі болды. Бұған дейін еліміздің құрамасы кадеттер, жасөспірімдер немесе ересектер арасындағы бірде-бір әлем чемпионатында осынша жүлде жеңіп алмаған.

Тағы бір тарихи көрсеткіш – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны әлем чемпионатында үш күн қатарынан шырқалды. Жекелей жарыстың үш күнінің әрқайсысында қазақстандық дзюдошы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.