Кәдесый, бейнекамера: Шетелдік байқаушылар референдумда не байқаған

Елордада Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) референдумға бағасын берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

АӨСШК бас хатшысының орынбасары Чжан Лин миссия референдумның өткізілу барысына бақылау жүргізіп, бірқатар референдум учаскесінде болғанын айтты. Сөзінше, миссия бақылау жүргізетін учаскені өз қалаулары бойынша таңдаған. 

Референдум учаскелерін бақылау кезінде ешқандай кедергілер болған жоқ. Азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысқанын және референдум комиссиясы қызметкерлерінің жоғары кәсібилігін атап өткіміз келеді. Біз дауыс беруге келушілердің саны көп екенін, әсіресе жастар қауымы көп екенін аңғардық. Көбі отбасымен, балаларымен бірге таңдау жасауға келген, - деп айтты халықаралық байқаушы.

Оның айтуынша, дауыс беруге барлық жағдай жасалғанына, әсіресе референдум учаскесінде туындаған сұрақтар бойынша түсіндірме жұмыстары жақсы ұйымдастырылғанына назар аударды. 

Біз болған референдум учаскелерінде құжаттар, ақпараттық-түсіндіру тақталары, дауыс беру тәртібі жайлы ақпараттар болды. Дауыс беру ғимараттарында дауыс беру жәшігі, дауыс беру кабиналары орналасқан. Оларға дауыс беруге кіріп-шыққандарды бақылауға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көз мүкістігі бар жандарға да жағдай қарастырылған, - деді Чжан Лин брифингте.

Ол сондай-ақ аға буынның дауыс беруіне барынша назар аударылғанын атап өтті.

Біз бір референдум учаскесінде дауыс беруге келген аға буынға естелікке кәдесыйлар бергенін көрдік. Дауыс беру ғимаратында ашықтықты қамтамасыз ету үшін бейнекамералар орнатылған. Жалпы дауыс беру жергілікті және халықаралық байқаушылар, сондай-ақ БАҚ-тың қатысуымен белгіленген тәртіпке сай еркін жүргізілді. Біздің бақылау жұмысымыз кезінде қандай да бір арыз-шағым, ескерту болған жоқ, - деп айтты АӨСШК миссиясы байқаушысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін ШЫҰ миссиясы референдумға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Сондай-ақ ТМД байқаушылар миссиясы да референдумға өз бағасын берді

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы