Кабулдағы жарылысты ИМ мойнына алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауғанстан астанасы Кабулда 13 қарашада болған жарылысты "Ислам мемлекеті" террористік тобының "Хорасандағы Ислам мемлекеті" тармағы мойнына алды.

Өткен сенбіде Кабулдың батысындағы шииттер көп қоныстанған Дешті-Баршы ауданында болған жарылыстан Ариана телевизия желісінде жұмыс істеген тілші Хамид Сейхани мерт болған еді.

"Талибанның" ресми өкілі Забихулла Мужахид жарылыстың салдарынан Дешті-Баршыда өрт шыққанын хабарлаған. Кемінде бір бейбіт тұрғын қаза болған, төрт адам жараланып, ауруханаға түскен. "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған) өкілі оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқанын айтқан.

Хазар-шииттер тұратын ауданға ИМ бұған дейін бірнеше рет шабуыл жасаған. Экстремистік топтар шииттерді "жолдан жаңылғандар" деп есептейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы