Кабо-Верде құрамасы IOAI 2026 олимпиадасына жарты жылға жуық дайындалған
600 мың халқы бар арал мемлекеті AI олимпиадасына жарты жыл дайындалған. Кабо-Верде құрамасы Астанадағы әсерімен бөлісті.
Астанада өтіп жатқан жасанды интеллект бойынша халықаралық IOAI 2026 олимпиадасына қатысушы Кабо-Верде құрамасының мүшесі Педру душ Сантуш командасының жарысқа бірнеше ай бойы дайындалғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Кабо-Верде Батыс Африкадағы 10 аралдан тұратын архипелаг мемлекет.
Біз Батыс Африкадағы Кабо-Вердеден келдік. Еліміз 10 аралдан тұрады. Оның тоғызында халық тұрады, ал бір аралда тұрғындар жоқ. Біздің ұлттық тағамымыз – качупа, – деді ол.
Педру душ Сантуштың сөзінше, команда олимпиадаға биылғы қаңтар айынан бастап дайындалған.
Біз жеке және командалық кезеңдерге қатысамыз. Дайындықты қаңтар айында бастадық. Әсіресе соңғы бір айдағы жаттығу өте қарқынды өтті, – деді олимпиадаға қатысушы.
Ол Астанаға алғаш рет келгенін айтып, елорданың сәулеті ерекше әсер қалдырғанын жеткізді.
Кеше кешке ғана келдік. Бүгін таңертең қаланы көрдік. Астана өте әдемі екен. Мұнда көптеген ерекше сәулет нысандары бар, – деді ол.
Педру душ Сантуштың айтуынша, Кабо-Вердеде жасанды интеллект саласы енді ғана дамып келеді.
Біздің елде жасанды интеллект – жаңа бағыт. Бұл салада жұмыс істеп жатқан алғашқы командалардың біріміз. Дегенмен осы бағытты зерттеп жүрген инженерлеріміз бар, – деді ол.
Сондай-ақ олимпиада қатысушысы әйгілі футболшылардың елдің халықаралық танымалдығына оң әсер еткенін атап өтті.
Белгілі футболшыларымыздың арқасында елімізді көбірек адам тани бастады. Бізге келетін туристердің саны да артып келеді, – деді Педру душ Сантуш.
Кабо-Верде – Атлант мұхитындағы халқы небәрі 600 мыңға жуық арал мемлекет. Соған қарамастан ел халықаралық олимпиадаларға тұрақты қатысып келеді. Экономикасының негізгі тірегі – туризм. Ал соңғы жылдары футболдағы табыстарының арқасында әлемнің бұл елге деген қызығушылығы арта түсті.
Айта кетейік, соңғы уақытта Кабо-Верденің халықаралық деңгейдегі танымалдығы артты. Бұған 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында жарқын ойын көрсеткен ұлттық құраманың қақпашысы Жозимар Жозе Эвора Диаш, яғни Возиньяның үлесі зор. Оның сәтті өнерінен кейін әлемнің бұл арал мемлекетіне деген қызығушылығы айтарлықтай күшейді.
Еске салсақ, Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин жасанды интеллект олимпиадасына қатысушылардың миллиардер болу мүмкіндігі 1500 есе жоғары екенін айтты.
Сондай-ақ, Бағдат Мусин жасанды интеллектіні меңгеру ауадай қажет екенін айтты. Ол бүгінгі еңбек нарығында қай дағдылардың шешуші рөл атқаратынын айтты. Мусиннің пікірінше, бұл білім болашақ мансаптың негізіне айналады.