Кәсіподақпен келісім жасаған жұмысшының құқығы үнемі қорғалуда - Зәуреш Өмірбаева
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда Еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғап жүрген мекеменің бірі Кәсіподақ екені белгілі. «Еңбек күні» мерекесі қарсанында «Алматы қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрайымы, заң ғылымдарының докторы, профессор Зәуреш Өмірбаевамен сұхбат жүргіздік.
- Зәуреш Әбілғожақызы, «Еңбек күні» мерекесі құтты болсын! Осы жылдың 2 қыркүйегі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезекті XXVI съезді өткізілгенін естідік, ол жерде қандай мәселелер көтерілді сол бойынша айтып өтсеңіз?
Съезд барысында Еңбек адамы үшін маңызды құжаттар қабылданып, алдағы жұмыстарға жоспарлар құрылды. Еңбек адамы лайықты өмір сүру үшін «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» принципін ұстана отырып, 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясы съезд делегаттарының дауыс беруі арқылы бірауздан қабылданды. Жалпы біздің міндетіміз жұмысшының лайықты өмір мен әлеуметтік әділдік үшін күрес бағытында қызмет ету. Сонымен қатар, ҚР КФ Республикалық кәсіподақтар бірлестігінің Жарғысына өзгертулер енгізілді. Съезд алғаш рет онлай режимде өткізілді, оған делегат ретінде қатыса алмаған кәсіподақ мүшелері тікелей эфир арқылы YouTube жүйесінен көре алды. Онлай жүйесі арқылы өткізілсе де съезд өз дәрежесінде өткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Съезд делегаттарына құттықтау сөз сөйлеген ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев бүгінгі күні кәсіподақтардың әлеуеті орасан зор ресурстарға ие екенін атап өтті.
Сонымен қатар, «Қазақстан кәсіподақтары халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда», «Кәсіподақтар әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық үшін» атты Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінің қарарлары қабылданып, бекітілді. Онда съезд делгаттары ҚР Парламенті мен Үкіметіне, әлеуметтік әріптестерге: ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеуді, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесін негізгі лауазымдық жалақыны заңмен белгіленген ең төменгі жалақыға ауыстыру арқылы жетілдіруді, ауыр жұмыстармен, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендеу секілді 14 бөлімнен тұратын сұрақтарды көтеріп, осы мәселелер бойынша тиісті шараларды қабылдауға шақырды.
- Жалпы кәсіподақтың жұмысына тоқталып өтсеңіз. Әсіресе тиімділігі жайында.
Ең бірінші, кәсіподақтар кім және оның міндеті деген сұраққа жауап берген дұрыс болар. Жалпы еліміздегі кәсіподақ қозғалысына биыл 115 жыл, ал федерацияның құрылып, жұмыс жасап жатқанына 30 жыл толады. Қазіргі таңда ҚР КФ құрамында 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшесі, 40 мүшелік ұйымдары мен 17 мыңнан астам бастауыш ұйымдар бар. Кәсіподақ азаматтардың жұмыспен қамтылуын, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы, жұмыс беруші мен жұмыскерлердің арасындағы кикілжінді шешуде және тағы басқа мәселелерде елеулі рөл атқарамыз. Сонымен қатар, қазіргі таңда барлық мекемелер мен кәсіпорындарда келісім комиссиясын құру міндеттелген және кәсіпорындарда ұжымдық келісімшарттар құрылған. Алматы қаласы бойынша 2018 жылы ұжымдық келісімшарт көрсеткіші 4,1% құраған болса, ал қазіргі күні біздің қалалық және аудандық әкімдіктермен белсенді жұмыс нәтижесінде ол көрсеткіш 39,6%-ға көтеріліп, орташа республикалық көрсеткіш 42,3%-ға жетті.
Кәсіподақпен келісім жасаған Еңбек адамының құқығы мен мүддесі үнемі қорғалған, мүмкіндіктері үлкен. Кәсіподақ қарапайым жұмысшының кәсібін насихаттап, дәстүрден айнымай ата-ана жолын қуған жұмысшы әулеттерін мадақтап, еңбек өнімділігін ынталандыруға бағытталған қоғамдық жұмыс екенін бәріміз білеміз. Елімізде соңғы жылдары әлеуметтік еңбек қатынастарын тиімді қалыптастыру бойынша жоспарлы түрде көптеген шаралар өткізілді. Съезде қабылданған стратегиялық құжатта қоғамның әлеуметтік жағдайын көтеру бағытына баса назар аударылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында да биліктің берік ұстанымы ретінде әлеуметтік әділеттілікке ерекше мән берген. Ең бастысы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
- Зәуреш ханым, бұл ұжымдық келісімшарт және Кәсіподақпен жасалған келісім Еңбек адамына не береді?
Жұмысшының құқықтары мен мүдделерін қорғау шараларының ең маңызды құжаты – ұжымдық келісімшарт десем қателеспеймін. Мұнда кәсіподақ комитетінің жұмыс берушімен келіссөздері нәтижесінде берілген және ең бастысы бекітілген кәсіпорынның ережелері көрсетілген құжат. Ұжымдық келісімшарт жалдамалы қызметкерлердің мүдделерін тиімді қорғау үшін жасалады. Қарапайым қызметкер үшін онда қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер қарастырылған. Жалақының жыл сайын индекстелуінен бастап, еңбек сіңірген жылдары үшін сыйақы төлеу, бала өмірге әкелуі, қызметкерлер мен отбасы мүшелерінің емделуіне материалдық көмек көрсету, оқу және ұжым мүшелерін және балалардың жазғы демалысын сауықтыруға дейін қарастырылған. Кәсіподақпен келісімге келген Еңбек адамы ұжымдық келісімшарт аясында келісілген еңбекақы төлеу қосымша жеңілдіктер мен өтемақылар алу және тағы басқалары қарастырылады.
Ең бастысы кәсіподақ мүшелерінің әр кез құқығы қорғалып, мүддесіне нұқсан келтірмейді.
Тағы айта кететін жайт ол жеке еңбек дауларын, отбасылық мәселелер мен мектеп жасындағы балалардың кикілжіңдерін шешуде көмек көрсету және дау-жанжалды сотқа дейін апармай шешу мақсатында кәсіподақ орталықтарында «Татуласу орталықтары» жұмыс жасайды. Орталықта білікті заңгер және медиатор өз қызметін тегін көрсетеді.
Ұжымдық келісімшартта тек бір тарап, яғни жұмысшылардың құқығы ғана емес сонымен қоса жұмыс беруші үшін де қажетті құжат. Жұмыс орнында жанжалдар мен еңбек дауларының болуын азайту, ұйымның жұмысына ұжымның бәрі қатысып, жұмыстың тиімді жүргізілуін, маңызды мәселелерді шешу барысында шешімдер әзірлеуге қатысады. Бәрін ұжым болып бірлесіп шешеді.
- Жұмыс беруші мен жұмысқа тұрушы арасында еңбек шарты жасалғанда неге мән беру керек?
ҚР Еңбек кодексіне жүгінетін болсақ еңбек шарты жасалғанда барлық бөлімдерге мән беру қажет, жұмысқа тұрушы өзінің құқығының, намысының тапталмауына және атқаратын қызметіне кіретін міндеттеріне мән бергені дұрыс болар. Еңбек кодексінің 10 бабының 1 тармағында «Еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастар еңбек шартымен, жұмыс берушінің актісімен, келісіммен және ұжымдық шартпен реттеледі» делінген. Яғни, жұмысқа орналасу кезінде өтініш жазудың қажеті жоқ. Еңбек шарты жасалынып соның негізінде жұмысқа қабылдау туралы актісі шығарылады.
Еңбек кодексінің 24 бабында «Еңбек шарты бойынша жұмыскер жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесі қағидаларын сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, осы кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақытылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндеттенеді».
Сондықтан, жаңа жұмыс орнына тұру кезінде еңбек шартына қол қоймас бұрын толық оқып, мұқият болған дұрыс. Жұмыс беруші Еңбек кодексіндегі 23 бапта көрсетілген тармақтарға сәйкес және 32 бапта көрсетілген Еңбек шартын жасау үшін қажетті құжаттарды талап ете алады, жұмыскер 22 бапта көрсетілген тармақтарға сәйкес құқықтары мен міндеттерін біліп, оны бұзбауы қажет.
- Еңбек шарты орындалмаған жағдайда не істеу керек?
Жұмыскерде еңбек шарты жасалған құжаттың бір данасы өзінде болуы қажет. Еңбек шарты орындалмаған жағдайда жұмыскер осы келісмшарт негізінде өз құқығын қорғай алады. Еңбек шартына қол қойылғаннан кейін ғана жұмыс бастаған дұрыс. Ертеңгі күні еңбек шартына қол қойылмай жұмысқа кіріп кеткен жағдайда ол қызметкердің еңбек құқығы бұзылған күннің өзінде де оны дәлелдей алмайды. Себебі, бірде-бір мемлекеттік орган не болмаса сот жұмысшыны қорғап қала алмайды.
Сондықтан, еңбек шартына қол қоймас бұрын бәрін мұқият қараған дұрыс және өзгертетін тұстары болса жұмыс берушімен келісіп отырып енгізу керек. Еңбек шарты еліміздің заңына қарама қайшы келетін болса, жұмысшы еңбек шартынан бас тарта алады.
Сонымен қоса, Еңбек шартының талаптары бұзылған жағдайда егер ол кәсіпорында кәсіподақ бар болған жағдайда кәсіподаққа жүгінсе болады, болмаған жағдайда қызметкер еңбек инспекциясының уәкілетті органына еңбек заңнамасының бұзылуы туралы шағыммен жүгіне алады. Алматы қаласы тұрғындары үшін Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасына, Қонаев көшесі, 122 үй, мекенжайы бойынша жазбаша шағым жаза алады. Шағымда бәрін нақты көрсетулері қажет. Қызметкердің құқығы бұзылған факт анықталған жағдайда мемлекеттік инспектор жіберілген бұзушылықтарды жою туралы талаппен жұмыс берушіге нұсқама береді. Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершлік қарастырылғанын бәріміз білеміз.
- Ал, егер жұмысшы өндірісте жарақат алса, ол қалай қорғалады?
Жұмысшы өндірістік жарақат немесе денсаулығына зиян келген жағдайда жұмыс берушіден әлеуметтік жәрдемақы ала алады. Жәрдемақыны жұмыс берушіден талап ету үшін негіз болатын құжат ол дәрігердің қызметкерге «уақытша жарамсыздығы туралы парақтар». Жалпы әлеуметтік жәрдемақы төлеуге Еңбек кодексінің 133 бабында жұмыс берушіге міндеттелген.
Кәсіподақ үшін еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі басты назарда. Адам жұмысқа барып, жұмыстан аман-есен отбасына оралуы қажет деген ұстанымды ұстанамыз. Кәсіподақтың бастамасымен қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылған. Техникалық инспекторлар өндіріс орындарына тексерістер өткізіп, еңбекті қорғау бойынша заңнамалардың бұзылу бойынша мониторинг жасап отырады. Ұйымдарда жазатайым оқиғаларға жол беріледі, адам қазасымен немесе өндірістік аурулар салдарынан мүгедек болып қалып жатады. Сондықтан кәсіподақ әрдайым қарапайым жұмысшы үшін «Қауіпсіз еңбек» жасау жолында қызмет жасауын тоқтатпауда. ҚР өндірістік жарақаттанудың және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған жол картасы негізінде науқандар өткізілуде.
- Жаңа өз сөзіңізде айтып қалдыңыз өндірістік кеңес деп, сол туралы толықтырып кетсеңіз.
Өндірістік кеңес – әлемдік үздік тәжірибе. Өндірістік кеңестің құрамы теп-теңдікте құрылады, 50% кәсіподақ мүшелері ал қалған 50% жұмыс беруші өкілдері. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау үшін жасалған басты құрал. Қазіргі күні 15 мың өндірістік кеңес, 18 мың техникалық инспектор қызмет етеді. Сонымен қатар, 179 992 тексеріс жүргізіліп, 261 772 заңнамалық бұзушылықтар жойылды.
Әрбір жұмысшы жұмыс берушіден еңбек қауіпсіздігін талап етсе өндірістегі жарақат алудан, ажалдан өзін арашалап қала алады. Техникалық қауіпсіздікті ұстанып жүргендері абзал.
Жұмыстағы Сіздің қауіпсіздігіңіз – Отбасыңыздың өмірдегі қауіпсіздігі!
Құрметті, Зәуре Әбілғожақызы сұхбатыңызға алғыс білдіре отырып, сізді және өзіңіз басқарып отырған ұжым мен кәсіподақ мүшелерін «Еңбек күнімен» шын жүректен құттықтаймын. Елімізде лайықты өмір, лайықты еңбек және лайықты табыс бола берсін. Еңбектеріңізге табыс тілеймін!