Көше бойына суағар салынуда – Петропавл
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлдың Ойқала ықшамауданында орналасқан Потанин көшесiнiң бойына суағар салынып жатыр. Тұрғындардың шағымы бойынша бастау алған iс жақын арада аяқталады. Бұл туралы қала әкімінің ресми сайтында хабарланды.
Жыл сайын көктемде Ойқаладағы Потанин көшесiн су басады. Тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіреді. Ендi бұл қиындық артта қалмақ. Қазiр мұнда тұрғындардың шағымы бойынша суағар салынып жатыр. Оның ұзындығы 2 шақырымды құрайды.
Шаһарда суға кету қаупi ең жоғары 3 учаске бар. Ол – Ойқала, Жұмысшы кентi және Береке ықшамауданы. Сол себептi биыл осы аймақтағы көшелердiң бойына суағар салуды жөн көрдiк. Ойқаладағы шаруа жақында аяқталады, - дейді қалалық ТҮКШ жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнiң сектор меңгерушiсi Дулат Шәрiпов.
Тұрғындар атқарылып жатқан жұмысқа дән риза. Олар суағарлардың пайдасын көктемде көремiз деп отыр.
Сондай-ақ, биыл Жұмысшы кентiндегi Украинская, Панфилов көшелерiнiң бойына да суағар салынады. Олардың әрқайсысының ұзындығы 6 мың метрдi құрамақ. Мамандар алдағы уақытта мұндай шаруаны сапаржай маңында да жүргiземiз деп жоспарлап отыр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы