Күршімге өтетін көпір құрылысы биыл басталады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұқтырма суқоймасының үстінен Күршім ауданына өтетін көпірдің құрылысы биыл басталуы мүмкін.

Әзірге жобалық-сметалық құжаттамасы дайын құрылыс республикадан бөлінетін қаражатты күтпей бастала бермек. 

Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерін осы мәселе жөнінде хабардар еткен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов көпір суқойманың ені ең тар Құйған ауылының тұсында салынатынын атап өтті.

Тікелей ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы болғандықтан бұл мәселе ерекше назарда тұр. Бүгінгі таңда бұл жобаға облыстық бюджеттен бөлек, республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге көлемінде қаражат сұранымын жолдадық. Көпір құрылысын жүргізу жоба бойынша үш жылға созылады. Бұл барлық конкурстық
жұмыстар аяқталып, мердігер мекеме анықталған соң, яғни келісім-шартқа қол қойылғаннан кейін басталады. Жалпы ұзындығы 1300 метрді құрайтын көпір Күршім ауданының Құйған ауылының тұсында салынады. Бұл жер Бұқтырма суқоймасының ең ені тар бөлігі, - деді Нұржан Сайлаубекұлы.
Облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы мердігерді анықтау жұмыстарын жүргізбек. Нұржан Жұмәділовтың айтуынша, мердігер анықталған соң құрылыс республикалық қаражаттың түсуін күтпестен бастала беретін көрінеді. Яғни, құрылыс басына техникалар жұмылдырылып, суқойманың қос қапталындағы көпірге апаратын жолдар жөнделе береді. Атап айтсақ, Көкпекті ауданының Құлынжон ауылынан Құйған ауылының тұсындағы жағалауға дейін 15-16 шақырымдық жол салынып, маңайы абаттандырылады.

Бұдан бөлек, биыл облыстағы жолдарды жөндеуге 102 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл өткен жылға қарағанда 48 миллиард теңгеге артық. "Омбы-Майқапшағай", "Алматы-Өскемен" автожолдарынан бөлек облыстық және аудандық маңыздағы 480 шақырым жол биыл орташа жөндеуден өтіп, жыл соңына дейін жолдардың
жақсы және қанағаттанарлық деңгейі 83 пайызға жеткізілмек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы