Көрмеге қатысушы жылқыларға қойылатын талаптар
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда еліміздегі алғаш рет өтіп жатқан жылқы көрмесіне қатысып жатқан жылқыларға қойылатын талаптар қандай болатынын көрмедегі қазылар алқасының мүшесі Әмин Әкімбеков айтып берді.
«Ең әуелі аттардың жүрісіне мән береміз. Ол көрмеге ұсынылғандықтан, әсем жүрісті болу керек. Ал тағы бір ерекше мән беретініміз – аттың сұлулығы. Әсем жүрісті, сұлу мүсінді жылқының көз сүріндірер сұлулығы – басты ерекшелігі. Біз көрмеде болғандықтан, осындай талаптарды ұстап отырмыз. Әйтпесе, жылқы адамзаттың игілігі үшін жаралғандықтан, ең бастысы шыдамдылығы болатынын сөзсіз» - дейді ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы.
Көрмеде жылқы тұқымдарына бөлініп, бірнеше алаң жұмыс істейтін болады. Атап айтар болсақ, «Ахалтеке тұқымы», «Араб тұқымы», «Ағылшын тұқымы» және «Пони және шағын жылқылар тұқымы» мен «Ауыр жүк тартатын тұқым» қатарлы алаңдар көрермендерге асыл тұқымды жылқыларды көрсететін болады. Сонымен қатар, көрме барысында алматылықтар мен жылқы сүйер қауымға экзотикалық жылқылар да таныстырылады.