Көпбалалы отбасылар «Анашым, біз үйдеміз» тележобасына қатысып, үйлерін тегін жөндей алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «31 арна» көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «Анашым, біз үйдеміз» атты жобаны бастайды.
Бүгінде баспанасын жөндеуге жағдайы жоқ көпбалалы отбасылар жетерлік. Олардың жайлы үй арманын орындау мақсатында түсірілім тобы жобаға қатысатын 24 отбасыны іріктеп алады.
«Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды демеу елдегі басты бағыттардың бірі. Мысалы, жыл сайын көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылады. Биыл атаулы әлеуметтік көмекпен қатар, 40 мың жалдамалы пәтер құрылысына қатысты жаңа іс-шаралар қолға алынды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де көпбалалы отбасыларға байланысты бастамаларды қолдауға әрдайым дайын. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында «31арнамен» бірлесе «Анашым, біз үйдеміз» атты жаңа жобаны көрермен назарына ұсынып отырмыз», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол пәтерді жөндеу ең өзекті мәселелердің бірі екенін, әсіресе көпбалалы отбасылар үшін маңызды екенін айтты. Министр отандық телеөнім арқылы осы мәселе шешімін табатынына сенім білдірді.
«Пәтерлер мен үйлер толық жаңарып, көпбалалы отбасылардың өмір сүруіне барынша жағдай жасалған баспанаға айналады. «Анашым, біз үйдеміз» жобасының кейіпкерлерімен де көрермен жан-жақты танысады. Отбасының тұрмысы, тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмйды», - деді Абаев.
«31 арнаның» бас директоры Юрий Бродский елде болған оқиғалардан соң телеарна ұжымының бей-жай қалуды жөн көрмегенін айтты.
«Мемлекет қолдауы үшін рахмет. Осы арқылы жоқ дегенде бірнеше отбасыны бақытты етіп, оларға жаңарған баспана, ал телекөрермендерге позитивті энергия сыйлағымыз келеді. Қолымыздан келеді деп ойлаймыз. Жұмыс қиын. Түсірілім тобы, құрылыс бригадасы болады. Логистика мәселесі бар», - деп ойымен бөлісті телеарна директоры.
Бродский тележобаға қатысатын көпбалалы отбасылар қалай іріктелетінін айтты.
«Арнада құрылатын комиссия отбасылардың оқиғасын тыңдап, кейіпкерлерді іріктеп алады. Қатысушы үйін қалай көргісі келеді, қандай болғанын қалайды, осының бәрін ескеріп толыққанды жоба жасауға тырысамыз. Бұл формат өте қымбат. Ақпарат министрлігімен бірге, бірінші маусымда 24 эпизод түсіреміз. Оған 24 отбасы қатысады. Жоба жалғасады деп ойламыз. Ал бағдаралма жүргізушісін кастингпен таңдаймыз», - деп айтты Бродский.
Абаев сол отбасының тарихы қызық болса комиссия көмектесу туралы шешім қабылдайтынын, мемлекет тарапынан жобаға 130 млн теңге бөлінгенін айтты. Сондай-ақ, жоба Қазақстанның барлық өңірін қамтитынын айта кетті.
«Алматы, не Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, бүкіл өңірлерді қамтимыз. Ауылдарда да болады. Логистика секілді қиындықтарға қарамаймыз. Ең бастысы – отбасыларға көмектесу. Олардың баспанасын жөндеу кезінде пәтер жалданып, отбасы сонда уақытша тұрады. Телевизиялық жоба болған соң ұзақ түсірілуі мүмкін. Жоба басында үй қандай болды, соңында қандай болады деген сұрақ қызық болуы тиіс», - деді министр.
Жобаны дайындау 15 мамырда басталады. Оған қатысу үшін өтініштерді dom@31.kz электронды поштасына жіберу керек немесе +7 708 26 77 326 телефон нөмірі арқылы жоба координаторымен байланысу қажет. Ал тамыздың 11-інен бастап «31 арна» көрермендері әр отбасымен жеке танысып қана қоймай, олардың пәтерлері мен үйлерінің барынша көркейгенін, қуаныштарын көре алады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Нұр-Сұлтанда №15 автобус бағдарының қозғалысы уақытша өзгереді
Өзгелердің жаңалығы