Көп жобалардың бастамасы нәтижесіне сәйкес келмейді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азаматтық қоғам институттарын көптен бері мазалап жүрген сұрақтардың бірі: мемлекет тапсырыс беретін әлеуметтік маңызы бар жобалардың тізімін құру мәселесі.

Осы мәселеге қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында көп жобалардың мәні маңызына, бастамасы нәтижесіне сәйкес келмей жататынын жазды.

Азаматтық қоғам институттарын көптен бері мазалап жүрген сұрақтардың бірі: мемлекет тапсырыс беретін әлеуметтік маңызы бар жобалардың тізімін құру мәселесі. Олар расында маңызды ма? Тиімділігі қандай? Қоғам мен нақты адамға берері не? Ең бастысы - қандай әлеуметтік мәселені шешуде? Жасыратыны жоқ, іс жүзінде көп жобалардың мәні маңызына, бастамасы нәтижесіне сәйкес келмей жатады. Өз басым бұл жағдайды түбірімен өзгертіп, барлық жобаларды ашық талқылайтын уақыт келді деп есептеймін. Өйткені, мемлекет азаматтық қоғам институттарын әріптес деп біледі әрі сенеді, – деп жазды министр.

Сондай-ақ, ол өзінің ұсынысымен kun.kz ашық медиа алаңында Қазақстанның Азаматтық альянсымен бірлесе отырып бүгіннен бастап “Қоғамдық сараптама” жобасы жұмысын бастағанын айтты.

Оның басты мақсаты – үкіметтік емес ұйым өкілдерінен ұсыныстар жинап қана қоймай, әрбір түскен бастаманың тиімділігіне сараптама жасап, кәсіби баға беру болып табылады. Тағы да атап өткім келеді: мемлекеттің тапсырыс пен гранттар бөлудегі мүддесі тек қоғамдық ұйымдарды қолдау ғана емес, ең алдымен, қоғамның қажетін шешетін істерді қаржыландыру. Ары беріден соң бұл баршамыздың ортақ мүддеміз. Сөз жоқ, осыны түсініп, барынша қолдау көрсетіп жатқан ұйымдардың көптігі қуантады. Сіз болып, біз болып бұл міндетті де атқарамыз деп сенемін, – деп жазды министр Аида Балаева.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы