Көмек әрбір тұрғынға жетуі тиіс – Бердібек Сапарбаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы шаралар кезінде халықты қолдаудың қосымша шараларын енгізуге бағытталған мәлімдеме жасаған. Жамбыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте аталмыш жұмыстардың аймақта жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Аймақ әкімі Бердібек Сапарбаев төтенше жағдай кезінде орындалуы тиіс шараларды назарға алып, жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берген.
Ең бірінші, инфекцияның аймақта таралуына қарсы күресіп жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қосымша қолдау үшін тиісті есептер жүргізу қажеттігін баса айтқан.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы "Азаматтарға арналған үкімет" АҚ филиалымен бірлесе отырып, зейнетақы мен жәрдемақыларды, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін тиісті есептеулер жүргізу және өтінім беру керектігі де өзекті мәселе екендігі айтылған.
Ең басты мәселелердің бірі - жамбылдықтарға 42,5 мың теңге көлемінде қосымша әлеуметтік төлемдер беру бойынша тиісті жұмыстарды жандандыру. Мемлекет басшысының мәлімдемесіне сәйкес, бұл қолдауға енді бұрын ресми жұмысы мен жалақысы болмаған адамдар да үміткер бола алады. Көмек өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе ресми емес жұмыс істейтін азаматтарға да көрсетілмек. Олардан тек өз мәртебесін қалыптастыру талап етіледі.
Сонымен қатар, аймақ басшысы азаматтардың, оның ішінде тегін азық-түлік үлестірілетін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тізімін жасауды міндеттеді.
Сондай-ақ халық арасында 1 шілдеге дейін сақтандырылмаған азаматтардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығы ұзартылғандығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Ал шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылады.
Бердібек Сапарбаев көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы жергілікті биліктің айрықша бақылауында екендігін жеткізді. Бұл жұмыстарға Республикалық бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінген. Ал қарыз алушылар үшін 5%-дан аспайтын мөлшерлеме белгіленген. Бұл орайда аудан әкімдері мемлекет көмегін тиімді пайдалану үшін фермерлер арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар, шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасымен "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында қосымша 100 млрд теңге бөлініп отыр.
Аймақ басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының құнын литріне 165 теңгеге дейін арзандату туралы Президенттің тапсырмасын орындау бойынша бақылаушы органдардың жұмысын күшейту қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмалары уақытылы әрі нәтижелі орындалуы тиіс. Ең бастысы, қарапайым тұрғындар өздерінің мемлекеттің қамқорлығында екендігін сезінулері керек. Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әр бір күн маңыздылығын ескерген дұрыс, - деп атап өтті әкім.
Сондай-ақ әкім түсіндіру жұмыстарының әлсіз жүргізілуінен мемлекет тарапынан қабылданған қолдау көрсетуден тұрғындардың көбіне хабарсыз екендігін алға тартып, бұл мәселенің төтенше жағдай режимі кезіндегі өзектілігін баса айтты.
Көмек әрбір тиісті тұрғынға жетуі керек. Мемлекеттік органдар өз жұмысын сапалы орындап, ал бөлінген қаражатқа тұрғындар уақытылы әрі кедергісіз қол жеткізуі қажет, - деп атап өтті облыс әкімі.