Күлтөбе қалашығынан ортағасырлық қазақ және қоқан үйлері табылды
Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан қаласының ең көне орны саналатын Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінен қазақ және қоқан үйлерінің орны, тандыр және ұстындар шоғыры табылды. Бұл туралы Күлтөбе қалашығындағы археологиялық экспедициясының басшысы Серік Ақылбек хабарлады.
Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігіндегі археологиялық қазба жұмыстары 17 қаңтарда басталды. Содан бері қазба алаңында көптеген зат табылды. Археологтар сол заттардың қай ғасырларға тиесілі екенін анықтады.Археологиялық топтың жетекшісі Серік Ақылбектің айтуынша, қазба орнынан XIX ғасырға тән Қоқан үйінің қалдықтары анықталған. Ал сол мәдени қабаттан 70 сантиметрдей төменде XVI-XVII ғасырға тән қазақ үйі шығыпты. Күлі де сақталған тандыр, дәліз және есік орны бар. Енді міне үй тіреуге арналған тас ұстындар шоғырының да беті аршылып жатыр. Әр түрлі ғасырға тән құмыра сынықтары да көптеп шығып жатыр.
«Түркістанның ең көне бөлігі – Күлтөбе қалашығы екені белгілі. Зерттеу және зерделеуге арналған ауқымды жоба Күлтөбенің өзі мен айналасын қамтиды. Қазіргі ең негізгі жұмыс – ескерткіштер аумағын үйінді топырақтан тазартуға арналып отыр. Себебі, 1975 жылдардағы аэрофотосуреттермен салыстырғанда өзгерістер көп. Мәселен, сай боп көрінген аймақ қазіргі таңда дөңеске айналған.Тарихи аумақтың мәдени қабаттарын анықтау мақсатында барлау қазбалары да жүргізіліп жатыр. Барлау нәтижесінде түсірілімде көрсетілген сай түріндегі қыртыста тарихи қабаттың бар-жоғы нақтыланады», - дейді Қазақ ғылым зерттеу-мәдениет институтының жетекші маманы, Күлтөбе қалашығындағы археологиялық экспедициясының басшысы Серік Ақылбек.
Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігіндегі археологиялық қазба жұмыстары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Түркістан қаласындағы ортағасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін анықтау және қалпына келтіру мен оларды танымал туристік орталыққа айналдыруға арналған жобасы аясында жүргізіліп жатыр. Қазба және анықтау жұмыстарымен Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми - зерттеу мәдениет институты айналысуда. Түркістан қаласындағы Күлтөбе археологиясы және қосымша нысандар жұмысы 3 жылға жоспарланған. Мұның барлығы Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезеңнің рухын асқақтату мақсатында қолға алыныпты.
Қазіргі таңда қазба алаңында 80-ге жуық адам еңбек етеді. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 300-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Айта кетсек, Қазақстандағы алғашқы сәулет құрылыстары бар Күлтөбе қалашығының тарихы б.з.д. ІІ ғасырлардан басталады. Бірқатар деректерде Күлтөбе қалашығы Ясы (Асон) деп аталады.
Жәнібек Нұрыш
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Астанаға 1,2 мың тонна көмір жеткізілді
Өзгелердің жаңалығы