Көлікті және логистиканы цифрландырудан 8 млрд теңге пайда түсті
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бүгінгі Үкімет отырысында 2018 жылы көлікті және логистиканы цифрландыру аясында атқарылған жұмыстар туралы айтты.
«Көлікті және логистиканы цифрландыру аясында «Зияткерлік көлік жүйесі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазір жоспарланған 46 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралының 12 енгізіліп қойды. Сондай-ақ, жол активтерін басқару жүйесі іске қосылды. Оның аясында 16 жылжымалы жол зертханасы өз жұмысын бастады. Бұл жүйе жолға жұмсалатын шығындарды жоспарлауға және жөндеу жұмыстарында сапаны мониторингілеу кезінде ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етеді», - дейді Дәурен Абаев.
Министр 2019 жылы республикалық деңгейдегі 24 мың шақырымды құрайтын автожолдарды зерттеу мақсатында 31 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралын енгізу жоспарланып отырғанын айтты.
«Интеллектуалды көлік жүйесі» жобасын енгізудің нәтежесінде 2018 жылы 279 жұмыс орындары құрылды. 2025 жылға дейін қосымша 1,5 мыңнан аса жұмыс орындарын құру көзделген. Мендегі деректер бойынша көлікті және логистиканы цифрландырудың экономикалық пайдасы 2018 жылы 7,6 миллиард теңгені құрап отыр», - деді Ақпарат және коммуникациялар министрі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дәурен Абаев 2018 жылы «Цифрлық Қазақстанға» бағытталған қаржы 99,8%-ға игерілгенін атап өтті.