Көліктерімді өз атына аударып, ломбардқа сатып жіберді – кәсіпкер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке кәсіпкер Бауыржан Сәмен редакциямызға хабарласып, көмек сұрады. Айтуынша, бір әйел көліктерін жалға алып, сан соқтырып кеткен.

Түсінікті болу үшін айта кетсек, кәсіпкер VIP көліктерді жалға берумен айналысады. Қалада өтетін үлкен форум, конференция кезінде сырттан келетін делегаттарды күтіп алуға және басқа да қызмет бойынша көліктерін жалға беріп тұрады.


2018 жылдың күзінде 1990 жылы туған Аида Қужаниязова деген азаматша жаңа Lexus 570, екі жаңа land Сruiser 200, жаңа land Сruiser Рrado көліктерін жалға алған. Кейін осы төрт көлікті өз атына аударып, ломбардтарға сатып жіберген.


Ол кісіні бұған дейін танитынмын, оның алдында жарты жылдай бірге жұмыс істегенбіз. Бұл төрт көлікті ол "ҚазМұнайГаз" компаниясына деп менен 3 жылға жалдамақ болды. Сөйтіп компаниядағы комиссияға көрсетуім керек, олар алдымен тексереді деп алып кетті. Арада 1-2 апта өткен соң ол бірде Қарағандыда, бірде тағы бір қалада жүргенін айтып қашқалақтай бастады. Содан екі ай өткенде ол шетелге кетпекші екен деген мәлімет алдым. Қазбалап іздей бастағанымда көліктерімді ломбардтқа сатып жібергенін білдім, - дейді кәсіпкер.


Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінде осыған қатысты алаяқтық бойынша іс қозғалған, алайда еш нәтиже жоқ. Полиция ешкімді жауапқа тартпаған. Кәсіпкер күннің аманында жеке мүлкінен айырылып қалғанына және алдап кеткен адамның осы күнге дейін бостандықта жүргеніне қапалы.
Бұл іс 2018 жылдың күзінен бері жалғасып келеді. Әділдік іздеп бармаған жерім жоқ, прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне де жүгіндім. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Ол кісіден мен сияқты зардап шеккен тағы 5-6 адам бар, олардың да көлігін ломбардқа өткізіп жіберген. Маған келтірілген шығын көлемі 110 миллион теңгеден асады, - дейді ол.


Кәсіпкер автокөлік жүргізушілеріне арналған Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өзінің қатысуынсыз көліктерінің өзге адамның атына аударылып кеткеніне таңғалады. Егер кез келген адамның көлігін сыртынан өз атына аударып ала берсе, бұл нағыз адам тонаушылыққа жол ашады деген ойда.
Ол өзге адамды Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жіберіп, менің көлігімді өзінің атына аудартқан. Ол жерде менің қолым да, суретім де жоқ, яғни менің қатысуымсыз қалай аударған, соған таңым бар. Сондықтан бұл жерде бір шикілік бар. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысшыларына қатысты қылмыстық іс негізгі істен бөлек шығарылып тасталды. Неге өйткендері бізге белгісіз, - дейді кәсіпкер.


Сондай-ақ, ол құқық қорғау органдары тарапынан жасалып жатқан жұмысқа көңілі толмайтынын жеткізді. Өйткені көліктерін қолды еткен адам әлі ұсталмаған, бостандықта жүр. Ал тергеушілер "жұмыс істеп жатырмыз" деумен ғана шығарып салады екен.
Қазір телефон немесе велосипед ұрлап, сотталып кетіп жатқандар бар. Бірақ төрт көлігімді жымқырып кеткен бұл адам осы уақытқа дейін қалайша емін-еркін жүр. ІІБ менің ісімді екі рет жауып тастады. Тергеушілер бұл жерде ешқандай алаяқтық көріп тұрғанымыз жоқ дегенді айтады. Меніңше, ол әйелдің жоғары жақты мықты таныстары болуы мүмкін. Адамдардың құқық қорғау органдарына неліктен көңілі толмайтынын енді түсініп жатырмын. Бізде әділдікке жету өте қиын екен, бұл іс бойынша қанша адамға айттым, бармаған жерім жоқ. Бәрі сөзбен айтып қана қояды, - дейді Бауыржан Сәмен.

Кәсіпкердің адвокаты Ерлан Макенов те бұл істің баяу жүріп жатқанына алаңдаулы.

Құқық қорғау органдары тарапынан бұл іс ІІМ-нің қадағалауында, бәрі жақсы болады деген сипаттағы ресми хат келді. Бірақ іске келгенде ешқандай нәтиже жоқ. Біз арыз түсірген адамға қатысты азаматтық сот "ол кісі заңсыз әрекет жасады" деген шешім шығарған болатын. Бұл ол адамды жауапқа тартуға 100 пайыз жеткілікті, - дейді адвокат.


Кәсіпкер осы іс бойынша Алматыға келіп, өлім ауызынан қалған кезі де болыпты. Олай дейтініміз - жыл соңында апатқа ұшыраған "Bek Air"  ұшағымен ол да ұшу керек болған. Алайда жоғалған көлігін таппай, Алматыда тағы 2-3 күнге қалып қойған. Кәсіпкердің айтуынша, екі көлігі қазір Алматы қаласында жүр.
Ішкі істер басқармасы іздестіру жұмыстарын жүргізген кезде екі көлігімнің Алматыда жүргені анықталды. Оны сергек камерасы арқылы анықтап білдік. Көліктерді "Жаңа кредит ломбард" деген мекеменің иелері үй ауласына тығып ұстап отыр, - дейді кәсіпкер.


Шарасыз күйге түскен кәсіпкер БАҚ өкілдеріне үміт артып отырғанын айтады. Жанайқайын журналистер арқылы жоғары жаққа жеткізіп, әділдікке қол жеткізгісі келеді. Бүгінгі таңда ҚР Президентінің назарын аудартудан басқа амалы қалмағанын айтады.

Бауыржан Сәменнің басына түскен бұл қиын жағдай кез келген адамда қайталануы әбден мүмкін. Ал халықтың құқығын қорғайды деп сеніп жүрген органдардың бұл істі аяғына дейін тергемей отырғаны күмән туғызады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы