Көлік төбесіне адам отырғызған жүргізуші жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері көлігінің үстіне бірнеше адамды отырғызып, жол жүрген жүргізушіні Әкімшілік кодекстің төрт бабымен жауапқа тартатын болды, деп хабарлайды Polisia.kz.

"ВАЗ-2106" автокөлігінің үстінде бірнеше адамның отырып алған бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тараған болатын. Полиция жүргізушінің аты-жөнін анықтаған.

Тексере келе Ордабасы ауданының тұрғыны 1 наурыз күні көлік тізгініндегі сайрамдық азаматқа машинасын сатқан.

Сөйтіп тәртіп сақшылары автокөліктің жаңа иесіне ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің төрт бабы бойынша хаттама толтырды: 230-бабы – "Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу", 590-бабы – "Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу", 593-бабы – "Жол жүрісі қағидаларында жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау", 612-бабы – "Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы".


Көлік тізгінінде болған азамат өзінің әрекеті заңсыз болғанын және жолаушылардың өміріне қауіп төндіргенін мойындады.

Сонымен қатар, кешірім сұрап, алдағы уақытта қайталамайтынын айтқан.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы