Көлік полицейлері жолда қалған 1 500-ге жуық жолаушыға көмек көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің оңтүстік аймақтарындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше қызметтердің алыс сапарға шықпау туралы ескертулеріне қарамастан, көптеген азамат автокөліктер, рейстік автобустар және таксилер арқылы жолға шығып, Тараз-Шымкент тас жолында қалып қойды, деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Көрсетілген көмек нәтижесінде олар Тараз стансасындағы теміржол вокзалына жеткізілді.

Жолаушылар поездарының тоқтау кезінде Тараз стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жолаушылардың пойызға отыруларына жәрдемдесті.

Тараз стансасындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, жолаушылар арасында әйелдер, балалар, сондай-ақ қарт адамдар болған. Пойыздың тоқтау уақыттарында көлік полициясы қызметкерлері "ҚТЖ" ҰК" АҚ қызметкерлерімен бірлесіп, адамдардың пойыздарға билетсіз отыруына көмек көрсеткен.

21-22 желтоқсанда жолаушылар пойызына 1 500-ге жуық жолаушы орналастырылып, олар өз сапарларын әрі қарай сәтті жалғастырды. Мәселен, жас балалары бар, бес адамнан тұратын бір отбасы өз көліктерімен Тараздан Шымкентке қарай шығып, бірақ жолдың нашар көрінуіне байланысты сапарларын жалғастыра алмаған. Оларды жедел түрде полиция пунктіне жеткізіп, ыстық шәй беріп, әрі қарайғы сапарларына көмек көрсеттік, - деп қорытындылады көлік полицейлері.

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы