Көлік полицейлері Ресейлік әріптестерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті басшылығының және Ресей ІІМ Көліктегі Бас басқармасы өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті, деп мәлімдейді Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Оған Қазақстан Республикасындағы Ресей ІІМ Өкілі полиция полковнигі  С.А. Каймашников, Ресей ІІМ КББ жедел-іздестіру басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі П.В. Тараскин, Ресей ІІМ КББ жедел-іздестіру басқармасы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы полиция полковнигі В.С. Костромин және ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Т.Ж. Өтетілеуов, сондай-ақ Департаменттің жедел қызметтерінің бірінші басшылары қатысты. 

Кездесу барысында Т. Өтетілеуов жалпы шекарасы 7 мың километрден асатын Қазақстан мен Ресей үшін шекара маңындағы өңірлерде қылмысқа күрес мәселелері ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арасында ондаған жолаушылар пойызы жүріп тұрады. Осыған байланысты, әуе және темір жол көлік нысандарында азаматтар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша екі жақты ынтымақтастықтың перспективаларын дамыту маңызды мәселе болып отыр. 

«Жалпы біздің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық табысты дамып келеді. Мұндай тәсіл трансұлттық қылмысқа қарсы күресте бірлескен күштердің нақты негізі болуы мүмкін. Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары екі елдің Көліктегі ішкі істер органының қызметін үйлестіру қажеттілігі болуы тиіс», - деді Павел Тараскин. 

Кездесуде екі елдің көлік полицейлері Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының жоғары деңгейін, жолаушылар мен жүк тасымалы саласындағы қылмыспен күресудегі екіжақты ынтымақтастықтың келешегін атап өтіп, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, темір жол және әуе көлігі нысандарында есірткі тасымалының жолын кесу жөнінде қабылданып жатқан шаралар талқыланды. 

Көші-қон процестерін реттеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Заңсыз көші-қон проблемаларын шешу терроризм мен экстремизмге, сондай-ақ адамдар трафигіне қарсы іс-қимылдың маңызды шарты ретінде қаралды. 

Тараптар темір жол және әуе көлігі объектілерінде мүліктік сипаттағы қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен жедел-іздестіру және алдын алу іс-шараларын жандандыру, жедел жағдайдың жай-күйі туралы тұрақты ақпарат алмасуды жүзеге асыру маңызды міндеттердің бірі болып табылатынын атап өтті. 

Жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша басшылар уағдаласып, бірлескен хаттамаға қол қойды, онда қылмысқа қарсы күрес және көлік полициясы органдарының шекаралық ынтымақтастығы аясында кәсіби байланыстарды кеңейту бойынша одан әрі бірлескен іс-шаралар айқындалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы