Көлгінов: ПКР - меритократия қағидасын қалыптастырады деп сенем

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Facebook-тегі парақшасында президенттің кадрлық резервіне қатысты пікірімен бөлісті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында жастар арасынан президенттің кадрлық резерві жасақталатынын атап өтті.

Бұл бастама қоғам тарапынан қолдау тауып, жастардың болашаққа деген үміт отын жақты. Қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген қарапайым жас мамандар білім мен білігіне сүйене отырып, президенттік кадрлық резервке өтуге бел буды. 13 мыңнан астам жастың жұмыла ұмтылуы – осыған дәлел.
Мемлекет басшысының бұл бастамасы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "100 нақты қадам" – Ұлт жоспарында көрсетілген кәсіби мемлекеттік аппарат құру идеясымен астасып жатыр. Үлкен идеялардың бір арнада тоғысуы – шын мәнінде біздің қоғамда кәсіби мемлекеттік аппараттың құрылуына бастап келеді.
Президенттік кадрлық резерв сыбайластық пен тамыр-таныстыққа жол бермей, қызметкерді еңбегіне қарай бағалайтын меритократия қағидасының қалыптасуына бастайды деп сенемін. Қазір төртінші технологиялық революция заманында бізге жаңа ойлайтын, прагматик мамандар қажет. Цифрландыру дәуірінде мемлекеттік басқарушыға осындай қасиеттер керек деп есептеймін.
Кадрлық резервке өткен жастардың ел игілігі жолында адал еңбек етіп, кейінгі буынға үлгі көрсететін тұлғалар боп қалыптасуына тілектеспін!, - деп жазды Алтай Көлгінов. 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы