Көлгінов көпбалалы отбасылар мен жастарға берілетін үйдің құрылысымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов кезекте тұрған азаматтарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен еңбек жастарына арнап салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысып қайтты. Бұл туралы қала басшысы Facebook-тағы парақшасында жазды. 

"Бүгін Ә. Жангелдин, С. Рахымов, Ш. Уәлиханов көшелерінің қиылыстарында орналасқан үй-жайлар мен көлік тұрағы бар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңына бардық. 

Тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер саны - 1 472, көлік тұрағындағы орындар саны - 1 021, үй-жайлардың жалпы ауданы - 1700 шаршы метрді құрайды. Нысанның құрылыс барысы мен жобаны жүзеге асырудағы өзекті мәселелермен таныстық", - деп жазды қала әкімі.

Оның айтуынша, инженерлік инфрақұрылым құрылысын және аула аумақтарын абаттандыру жұмыстарын уақытылы аяқтау, тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып төменгі қабаттарда медициналық және мектепке дейінгі білім беру нысандарын орналастыру, Ш. Уәлиханов және С. Рахымов, көшелерінің аралығында Ә.Жангелдин көшесін салуды қарастыру туралы нақты тапсырмалар берілді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл пәтерлер жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен еңбек жастарына тапсырылады", - дейді Алтай Көлгінов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы