Көкшетаулықтар той жасаудан бас тартуда

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирусқа байланысты Көкшетаудағы бірқатар мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтары өз жұмыстарын уақытша тоқтатты.

Елдегі ахуалды ескерген мейрамхана басшылары жоспарланған тойлардан бас тартып жатыр. Гүлжан Жахина есімді қала тұрғыны наурыз айының 21 күні отағасының зейнетке шығу тойын атап өтпекші екен. Бірақ, қоғамда таралған індетке байланысты тойды кейінге шегеріп отыр.

Біз жанұямызбен Наурыз мерекесі қарсаңында үлкен бір той өткізгіміз келді. Елімізде карантин жарияланған соң отбасымызбен ақылдаса,  тойды жазға ауыстырдық. Жайбырақаттық, немқұрайлылық таныту жөнсіз. "Анадан ұят, мынадан ұят, жұрт не дейді?" деп дүркіретіп той өткізуді қой деді ме, қою керек. Амандық керек. Елдің-жұрттың, бала-шағаның амандығы,– дейді ол.

Бүгінде Көкшетауда үлкен-кішілі 70-ке жуық тойхана бар. Олардың тең жартысы бүгінде сақтық шараларын жүргізіп, той өткізуден бас тартуда. Әсіресе, адам көп жиналатын мейрамханалар өз жұмыстарын тоқтатып, той иелерімен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Ел президентінің Жарлығына сәйкес біз өз жұмысымызды уақытша тоқтаттық. Кешелі бері барлық той иелеріне хабарласып, жағдайды түсіндірудеміз. Яғни, ол 15 адам болсын, 150 адам болсын барлық тойларды шегердік,– дейді "Шалқар" мейрамханасының әкімшісі Сандуғаш Наимова.
Көпшілік коронавирус деген кесел шығып, доллар қымбаттап, күдік көбейіп, көпшілік қиналған осындай кезде саудагерлердің де қымбатшылыққа жол беріп жатқанына алаңдаушылық білдіруде.

200 теңгенің бетпердесін 700 теңгеге сатып алдым. Бір саудагер қанттың бағасын көтере салды. Әп-сәтте. Ештеңенің әсерінсіз. Қанша тексеріс жүріп, сараланып, сарапталып, ескерту жасалғанша дүрліккен жұрттың қалтасын қаға бермек. Алыстағы дүрбелеңнен дақпырт таратып, пайда тауып қалуды көздеу әуелден келе жатқан әдет. Орман ішіндегі саңырауқұлақ, шөп арасынан теріп алған жидекті де мұхтиттың арғы жағындағы әлдебір оқиғаға байланысты көтеріп жіберіп жатамыз. Өз халқының мұңайған, мұқалған шағында алдау-арбауға барып, аз-кем пайдаға алдану дұрыс па? Әлеуметтік желіні жайлаған жел сөздің бәріне елеңдеп, еліктей берудің керегі жоқ. Адастыратын да, абайсыз сауда жасатып қалтаны қағатын да сол – жел сөз, үстірт әңгіме, негізсіз мәмілелер. Сондықтан, анау алай деді, мынау былай деді демей, ресми хабарларға, еліміз қабылдап жатқан заңдарға сеніп, орындауымыз керек. Шығарылған шешімдерді, ұйғарымдарды ескеріп, тәртіпті болуымыз шарт. Тәртіпті болсақ, бірлікте болып, бір-бірімізге қол ұшын берсек бұл қиындықтан да өтеміз, - дейді зейнеткер Қайыржан Батырханов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Бүгін күн ашық болады
Өзгелердің жаңалығы