Көкшетаулықтар ел болашағы үшін дауыс беруде
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сайлау күні таңсәріден Көкшетаудағы №29 сайлау учаскесінде мерекелік екпін, қала тұрғындары мен қонақтарының жанын жадыратар жағдай толықтай салтанат құрды. Аталған сайлау учаскесінде Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов алғашқылардың бірі болып дауыс берді.
Барлық қазақстандықтар үшін ерекше есте қалатын күн, ел тағдыры үшін бей-жай қарамайтындарын сайлаушылардың сайлау бөлімшесі ашыла салысымен ерте келген белсенділіктері айқын аңғартады.
Сайлауға ақсақалды қариялар мен ақ жаулықты аналардан бастап жаңа ғана отбасын құрып, некеге тұрған жас жұбайлар мен өмірінде тұңғыш рет дауыс беру құқына ие болған азаматтарға дейін белсенді түрде қатысуда.
Таңертең сайлауды салтанатты жағдайда бастаған аталған учаске жасы 18-ге толып, алғаш рет сайлауға келген жастарды құттықтап, арнайы сыйлықтар тапсырды.
Елден бірінші дауыс беруге келген Әзила Тұрсынова ел тыныштығы мен жасампаздығы үшін дауыс беруге келгенін айтты. Отанымыздың жеткен жетістіктеріне марқайып отыратын ана өзінің балаларына да сайлаудың ел үшін алар орны орасан зор екендігін саналарына сіңіріп келеді. Қазақстан мемлекетінің бүгінгі шыққан белесі мен бағындырған биіктеріне үлкен қуанышын білдіре отырып, алда Қазақ елінің асар асуы мен жетер жеңісінің молдығына бек сенімді екенін жеткізді.
«Осы сайлау халыққа игілігін әкелсін. Халықтың көңілінен шығуға жазсын. Үміткерлерге Тұңғыш Президентіміздің жолын берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Елімізде бейбіт заман орнасын!», – деп ақ батасын берді Әзила Тұрсынова.
Алғаш дауыс беруге келген Аяулым Асқарқызы елімізде жастар үшін ұшан-теңіз жағдай жасалып отырғандығын және ел ертеңі – жастар сайлаудан тыс қалмау керектігін айтты.
Сайлау учаскесінде таңғы 07.00-ден 9.00-ге дейін 300-ге жуық сайлаушы өз таңдауларын жасап үлгергенін білдік. Мұның өзі халықтың қоғамдық-саяси өмірде белсенділігі жоғары екенін тағы бір аңғартты.
«Біздің учаскемізге 2943 сайлаушы тіркелген. Екі сағаттан астам уақытта үш жүзге жуық адам келіп өз таңдауларын жасады. Шетелдік және отандық байқаушылар да келіп, сайлау барысын бақылауда. Ешқандай сайлау заңдылықтарын бұзатын әрекеттер орын алған жоқ», – деді аталған сайлау учаскесінің төрайымы Гүлмира Сексенова.
Әрбір дауыс берушінің қадамын бақылаушы тарап қадағалауда. Таңсәріден бері тапжылмай отырған топ тұрғындардың белсенділік танытып жатқанын айтты. Денсаулығына байланысты келе алмаған ардагерлер мен зейнеткерлер үйде дауыс беруде.