Көкшетаулықтар білікті заңгерлерден тегін кеңес алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Халыққа тегін заңгерлік көмек көрсету және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Көкшетау қаласының ең ірі «РИО» сауда- ойын-сауық орталығында «Ашық қызмет» акциясы өткізілді.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті Көкшетау қаласы әкімі аппаратының қолдауымен ұйымдастырды.

Халыққа жоғары білікті тегін заңгерлік көмек көрсету үшін шамамен 30 шақты уәкілетті мемлекеттік органның, прокуратураның, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, әділет органының, салық қызметінің, көші-қон және әкімшілік полиция қызметінің қызметкерлері және т. б. тартылды.

Департамент басшысы Мұрат Төлеубаев ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «еститін мемлекет» тұжырымдамасына көшу қажеттігін әділ атап өтті. Бұны азаматтардың сұраныстарын шұғыл қанағаттандыру деп білемін. Бүгінгі таңда біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Бұл азаматтардың тиісті ақпаратқа қол жеткізуі үшін олардың мәселелері мен проблемаларын шешуде дұрыс бағыт беру үшін күш-жігерді аямау», - дейді Мұрат Төлеубаев.

Оның айтуынша, бұл акция бір реттік іс-шара емес. Осындай іс-шаралардан басқа тікелей эфирлер, азаматтарды қабылдау, халықпен кездесулер өткізіліп, олардың барысында барлық азаматтарға консультациялық кеңес беріледі.

Акция барысында облыс тұрғындары заңгерлерге түрлі сауалдар және проблемалармен жүгінді. Мысалы, жұмысқа орналасу, мүгедектік алу, жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу, әртүрлі жәрдемақыларды ресімдеу және зейнетақы тағайындау, электронды-цифрлық қолтаңба алу, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алу, қосымша жер учаскелерін беру, салық аударымдары, әлеуметтік қорғау, сот актілерін орындау, неке бұзу процестері, мүлікті бөлу және т. б. мәселелер бойынша кеңес сұрады.

Айта кету керек, азаматтар қандай да бір мәселемен кімге жүгіну қажеттігін әрқашан біле бермейді. Сол себепті акция барысында кеңесшілердің жұмысы ұйымдастырылып, олар адамдарға қажетті бағыттар бойынша заңгерлерді таңдауға көмектесті.

Акция өткізілгенге дейін ұйымдастырушылар БАҚ-та кең ауқымды жұмыс жүргізді, ол өз кезегінде азаматтардың заңгерлік көмек алу мүмкіндігі туралы хабардар болуына септігін тигізді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы