Көкшетаулық кәсіпорын бетперде тігуді қолға алды

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда коронавирусқа қарсы сақтық шаралары күшейтілуде. Облыс орталығындағы "Тыныс" АҚ бетперде тігуді қолға алды.

Тігін цехының жетекшісі Медібай Әжібектің айтуынша, бетперде өндірісі өткен сенбіден басталған. Осы уақыт ішінде 4 мыңға жуық дайын өнім шығарылған.

Бүгінгі күні 2800 бетперде дайын. Бұл маскалар өзімізде бар маталардан тігілді. Цехта бір ауысымда 34 тігінші жұмыс істейді. Қазір қосымша материал алу және өнім көлемін ұлғайту мәселесі қарастырылуда, - дейді ол.


Бетперделерді бірнеше рет жуып, үтіктеп қолдануға болады. Оның резиналы бір қабатының ішіне дәке таңғышты салып қоя аласыз. Зауыт өз жұмысшыларын бетпердемен қамтып қана қоймай, Көкшетау автобус паркінің тапсырысын да қабылдаған. Кәсіпорын алдағы уақытта теміржол және автовокзалды қажетті бетперделермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Кәсіпорында 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Елімізде коронавирус жұқтырғандардың тіркелуіне байланысты мұнда дезинфекциялау
жұмыстарын жүргізу басталған. Кәсіпорынға кірерде қызметкерлер қолдарын тазартып, бетперде киеді.


Қалада мемлекеттік мекемелерде де дезинфекциялық шаралар жүргізілуде. Айталық, қалалық әкімдік ғимаратының кіре берісінде келушілер тепловизорлармен тексеріледі. Ғимараттың әр қабатында антисептик құралдары қойылып, ауа тазартқыштар орнатылған.
Сондай-ақ адамдар көп баратын теміржол, автовокзал, әуежайда санитарлық шаралар атқарылуда.

Алдымен, тазалықтың, тәртіптің болуын қатаң қадағалаймыз. Көкшетау станциясы арқылы тәулігіне 10 пойыз өтеді. Теміржол вокзалына жолаушылар келіп кеткен сайын орындықтар, баспалдақтар, есіктер, еден, банкоматтар дезинфекцияланады, - дейді Көкшетау теміржол вокзалының директоры Роза Арыстанқызы.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы