Көкшетау: "Тыныс" зауыты медициналық маска шығаруға дайын
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көкшетаудағы "Тыныс" зауыты медициналық маска шығаруға дайын. Бұл туралы коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу шарасы туралы өткен брифингте айтылды.
Брифингте Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу шаралары туралы баяндады. Медициналық маскаға сұраныс елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де бар. Зауыттар сұранысты қанағаттандырып үлгере алмауда. Қазір ел аумағындағы төрт зауыт маска шығару үшін жұмыс істеуде. Маска өндірісін Ақмола облысында да қолға алу жоспарланған.
Бүгінгі таңда облыстағы ауруханаларда 144 мың дана маска қоры бар, қоймада қосымша 58 мың маска сақталған. Қазіргі кезде облыс орталығындағы «Тыныс» АҚ базасында медициналық маска шығару мәселесі қарастырылуда. Шикізат болса, зауыт басшылығы маска өндірісіне кірісуге дайын. Бұрындары медицина мақта-дәке маскасын пайдаланды. Бетперде жетіспейтін кейбір ауруханалар осындай масканы қолдануда. Облыс тұрғындары осындай қорғаныс маскасын қорықпай қолдана берулеріне болады, - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, ведомство жетекшісі вирус жұқтырғандарды қабылдайтын госпитальдер дайын екенін айтты. Оның бірі Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері болса, екіншісі облыстық тері аурулары диспансері. Бұдан бөлек, аудандарда 70 орындық бокстендірілген орын ашылып отыр. Ал Көкшетау қаласында шетелден келгендерді карантинге орналастыратын медициналық колледж базасында 320 адамға арналған жатақхана бар.