Көбейтұзды да көп көрдік пе?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысы Ерейментау ауданы Өлеңті ауылдық округінің аумағында орналасқан Көбейтұз көліне деген сұраныс осы жазда арта түсті.
Көбейтұз - бірегей табиғи көл (әлемде мұндай көл бар болғаны 8 ғана). Ол жылына бірнеше рет қызғылт түске боялады. Судың қызғылт реңкке боялуына тұзды теңіздерді мекендейтін біржасушалы дуналиелла сортаңды су балдыры әсер етеді-мыс. Көл теңіз деңгейінен 253 м биіктікте орналасқан.
Жаз басталғалы елорда мен Қарағанды, одан қалды Павлодардан келген ағайын Көбейтұзды жағалай бастады. Тіпті, әр демалыс сайын арнайы турлар ұйымдастырылып жатыр. Әлеуметтік желідегі суреттер бармағандарды елітіп, "мен мұндалатты".
Сенбі, жексенбі күндері елордадан арнайы турларды ұйымдастыратын топтар пайда болды. Сондай бір турдың бағасы 6500 теңге. Таңертең 10.00-де шығып, кешкі 20.00-де қайтып келеді. Ойын ойнатып, суын тегін беріп, фотосессиясын жасап береді. Көбейтұзға жетудің өз машақаты бар. Ойлы-қырлы жолдар мен шан-тозаңнан көз ашылмайды. Куә болдық. Дегенмен, көздің жауын алатын сурет пен емдік қасиеттері бар көлге жетуге бұл кедергі болмаса керек.
ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов Көбейтұздағы жағдай алаңдатып отырғанын айтты.
Көл 640 гектар аумақты алып жатыр. Тереңдігі - 1,5 метр. Көп адам көлдің қызғылт түсі емдік қасиетіне, тұзға байланысты деп ойлайды. Шын мәнінде, оған мұндай түс беретін балдырлар мен арнайы микроорганизмдер. Осындай көл Канада мен Австралияда да бар, - деді ол.
Комитет басшысы айтып өткендей, осы демалыста көлдің басына көп адам жиналған.
Адамдар көлдің түсі үшін ғана оны өзге тұзды көлдерден ерекше, емдік қасиеті мол деп ойлайды. Сол үшін де олар тұз бен балшықты алып кетіп жатыр. Оның салдарынан қара шұрық ойықтар пайда болды. Сондықтан да мемлекетке тиесілі табиғи ресурсты алып жатқандарға экология инспекторларының көмегімен айыппұл салып, оларды жауапкершілікке тартамыз, - деді ол.
Жолдасов айтқандай, Көбейтұздың тұзы коронавирустан емдейді деген жарнамалар әлеуметтік желілерде жарияланған.
Иә, Көбейтұз көліндегі тұздың келісі әлеуметтік желіде 5 мың теңгеден сатылып жатқаны туралы ақпарат тарады.
Көбейтұздың тұзын сатамын. Келісі – бес мың теңге. Көптеген ауруға ем. Коронавирус пен іш өту жағдайында көмектеседі. Тамақты шайып, асқа қосуға болады. Тұзды ваннаға да жақсы. Пікірге қалдырыңыз. Өзіміз сізге жазамыз. Он шелек қана қалды, - делінген желідегі парақшалардың біріндегі хабарламада.
Комитет төрағасы айтқандай, Көбейтұзға барар жолда бірқатар полиция шебі қойылды.
Бұл - әзірге уақытша шешім. Қазір экология инспекторларымен бірігіп, тұз бен саз сынды табиғи ресурстарды заңсыз алғандарды ұстап, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз, - деді ол.
Ол атап өткендей, тағы бір проблема, келушілердің көптеп жиналуы айналадағы тазалыққа айтарлықтай әсер етеді.
Бұл жерде инфрақұрылым жоқ десек те болады. Адамдардың әрекеті стихиялық қоқыстың пайда болуына алып келеді. Бұл жерде жеке тұлғалаларға демалысты ұйымдастыру сынды шаралар жүктеледі. Бұл - бірегей сұлу жер. Шетелдік туристердің де назарын аудартып отырған бірден-бір орын. Бірнеше жылда көл қызғылт түске боялады. Бұл - табиғаттың бірегей құбылысы, - деді ол.Жолдасов полиция органдарымен бірлесе жұмыс істеу көзделіп отырғанын айтты.
Осы жаққа инспекторлар мен полиция қызметкерлерін жібереміз. Олар тұзды заңсыз алғандарды ұстайды. Осы өткен демалыста адамдардың нөпірі көп болды. Қазір демалушылар саны азайды. Біз бірлесе отырып, табиғи ресурстарды ұрлауды тоқтату үшін жұмыс істейміз. Аудан әкімдігі карантинге орай демалушылардың санын шектеу бойынша шешім қабылдады. Бұл, әрине, уақытша шешім. Тәртіпке сай емес демалысты тоқтатып, ол бойынша қатаң шешім шығару керек. Қазір әлеуметтік желіде қызғылт түсті құм індетке дауа деген фейктер тарап жүр. Тұзға салынатын айыппұл оның мөлшеріне қатысты болады. Қоқыс тастағандар үшін де айыппұл 5 АЕК-тен басталады, - дейді Зұлфыхар Жолдасов.
Комитет басшысы қоқыстың көбеюі тек Көбейтұз көліне ғана қатысты емес екенін жеткізді.
Біз өткен жылы Үкіметпен бірігіп Қоянды көлі сынды жерлерге барып қоқыс жинадық. Алайда әр сенбі сайын ондай көрініс қайталанды. Жаңа кодексте стихиялық қоқыстарға қатысты айыппұлды көтеруді қарастырып отырмыз, - деді ол.
Ол атағандай, көл ерекше бақылайтын нысандардың қатарына енбейді.
Осындай көл Қазақстанда біреу деп айтуға болады. Оның микроорганизмдері бірнеше жылда түрленіп отырады. Қазір біз волонтерларды тартуды жүзеге асырып жатырмыз. Қоқысты жинау үшін қоғамды шақырып отырмыз. Олар осындай істі халықпен бірлесіп жүзеге асыруы керек. Сондай-ақ, қазір шұғыл желі бар. Егер заңға қайшы кез келген оқиғаның куәсі болсаңыз, сол нөмірге хабарласуға болады. Ол полиция мен аудан әкімдігінде тіркеледі. Оған қатысты дереу іс-қимыл жүзеге асырылады, - деді ол.
Зұлфыхар Жолдасовтың айтуынша, санитарлық топтар судың құрамын зерттеу үшін сынама алған.
Сараптама бойынша ешқандай потология анықталмады. Тұз бойынша концентрация жоғары, әрине. Бұл суды ішуге болмайды, ал шомылуға болады. Қазір экологтар судың құрамын зерттеу үшін сынама алды, - деді Жолдасов.Ал Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов карантин талаптарын сақтау бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтты.
Қазір адамдардың саны азайды. Кейбіреулері келмей жатып, шектеулерді көріп артқа қайтып жатады. Елорда мен Павлодар, Қарағандыдан келеді жұрт. Бірақ басым бөлігі елордадан жиналады. Еріктілер қоқыс жинауға жұмылдырылады. Карантин талаптарын бұзғандар бойынша аудандық ішкі істер бөлімі 33 фактіні тіркеді. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Көлдің жағасында от жағып, ішімдік ішкендер де болды. Сондай азаматтарға айыппұл салынды, - деді ол.
Әкім айтқандай, демалушылар қоқысты арнайы қоқыс жәшігіне емес, көлдің айналасында қалдырып, ластайды. Оған мына суреттер куә.
Ауданда бірқатар көл бар. Оларға да тұрақты түрде рейд жасалып тұрады. Еріктілермен келіп, қоқыстарды жинаймыз. Карантинге дейін де біз осында келетіндерге арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Дәретхана мен қоқыс жәшігі бар. Тазалықты сақтаңыздар деп ескерттік. Оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. Қоқысты отырған жерлерінде тастап кетеді, - дейді әкім.
Ал Көбейтұзға екінші мәрте келіп тұрған елорда тұрғыны Жасұлан Төлеген демалыс күні келгенде халық қарасы көп екенін айтты.
Алғаш рет демалыс күні келдік. Халық өте көп болды. Ең басты мақсатымыз – ем алу. Демалу емес, туризм де емес, табиғи ем алуды көздедік. Екінші рет әдейі жұмыс күні келдік. Ағам Мәскеуден келген. Қайынапам Алматыдан, бөлемнің қызы Оралдан келді. Барлығымыз ем алу үшін осында келдік. Дәл осы Көбейтұзға келген себеп: локация, автобаннан бұрылғанда жүретін жол шамалы. Мына жерде киіз үйлер бар. Отбасымызбен отырып, ауқаттанып алдық. Үшіншіден, бұл жерде желі ұстайды. Жұмыстан біреулер хабарласса, байланыста болуға ыңғайлы, - дейді ол.
Елордалық азамат қоқыс тастайтын өзге келушілерге қатысты пікір білдірді.
Тәртіпсіздік пен мәдениетсіздік қайдан келетінін білмеймін. Мысалы, біз артымыздан қалған қоқысты, тамақ, сүйек, бос шөлмектерге дейін көлігімізге салып аламыз. Себебі, бұл - біздің еліміз, жеріміз. Қоқыс жинайтын адам болған күннің өзінде олай істеуге болмайды. Тазалықты қадағалау керек, - дейді ол.
Жасұлан Төлеген көлдің аймағында карантин шараларының енгізілуіне қатысты ойын айтты.
Елімізді басқарып жатқан адамдар бар. Олар маман, білімі бар. Бірақ мына жерде кең дала. Қанша көлік келсе де, 15-20 метр арақашықтықты ұстауға мүмкіндік бар. Солай тоқтау керек. Бұл жер жағажай емес. Адамдар көп дегенде 1-2 сағат болады. Емдерін алып, суретке түсіп, кетіп жатады. Әлеуметтік желіде сурет пен видео жариялануының да дұрыс, бұрысын арнайы мамандар біледі деп ойлаймын. Бізге жаңа әкім келіп түсіндірді. "Болмайды" деді. Біз таңмен қаладан шығып кеткен едік. Жолда келе жатқанда карантин енгізіп жатыр деген хабарламалар келді. Біз шығып кеткен соң, "шешінген судан тайынбас" деп келдік. Ешкім тыйым салған жоқ. Адам аз екен. Ем-шипамызды алдық. Енді кері қайтамыз, - деді ол.Карантинге дейін Көбейтұздың жанында киіз үйлер тігілген, келушілерге ыстық тағам мен салқын су ұсынатын қызмет түрі пайда болған. Алайда карантин талаптарының күшеюіне орай, олар біртіндеп жиналып жатыр.
Осылайша, Көбейтұзды да көп көрдік. Бірнеше жылда бір түрленетін табиғаттың көркем құбылысына ие көлге де дақ салдық. Айналасын ластап, ақыры карантинге жаптырдық.