«Junior Eurovision 2020» байқауының финалы онлайн форматта өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропалық хабар тарату одағы (ЕВС) биыл жыл сайынғы «Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауының финалы жаңа форматта ұсынылатынын жариялады. 

Бұл шешімнің басты себебі - COVID-19 пандемиясы. Барлық финалистердің денсаулығын сақтау мақсатында байқауда орындалуға тиісті әндер сайысқа қатысушы елдің жергілікті студиясында орындалады.

ЕВС ақпараты бойынша, барлық қатысушы елдердегі одақ мүшелері әртістің (әртістердің) өнерін түсіру кезінде бірдей орналасқан сахна мен техникалық жабдықтарды пайдалануға келісті. Байқаудың финалы алда жоспарланғандай, 29 қараша күні өтеді.

Биыл финалға 13 ел: Армения, Беларусь, Франция, Грузия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Ресей, Сербия, Испания, Украина, Польша және Германия қатысады.

COVID-19 пандемиясының себебінен туындап жатқан сапарларға қойылған шектеулер және басқа да мәселелер, өкінішке орай, біз биылғы жылы «Junior Eurovision» ән байқауының барлық қатысушыларын Польшада қабылдай алмайтынымызды білдіреді. Алайда, 2003 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл байқау жалғасуы тиіс деп шештік. Биылғы жылғы өзгерістерге қарамастан, өз елдерінің өкілдері ретінде таңдалған барлық талантты жастар әлі де өздерін көрсетуге тең мүмкіндіктерге ие болады және дәстүр бойынша бүкіл әлемнің отбасылары өздерінің сүйікті әндеріне онлайн режимінде дауыс бере алады, - деп атап өтті жобаның атқарушы жетекшісі.

11 тамызда Еуропалық хабар тарату одағының қауымдасқан мүшесі - «Хабар» Агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеуіне қатысуға өтінімдер қабылдау басталғанын жариялады. Ал 1 қыркүйек күні 12 финалистің есімі жарияланды. 26 қыркүйекте «Junior Eurovision» байқауының финалында Қазақстанның атынан кім қатысатыны анықталады.

«Хабар» Агенттігі және байқаудың Ұйымдастыру комитеті өз тарапынан - Еуропалық хабар тарату одағының шешімін толық қолдайды, біз үшін де қатысушылардың денсаулығы әрдайым бірінші орында. Біз байқау форматының өзгеруіне қарамастан, Қазақстанның намысын қорғайтын қатысушы өзінің жоғары кәсіби деңгейін көрсететініне сенімдіміз. Сайыскердің өз туған жерінде өнер көрсетуі және барлық қазақстандықтардың қолдауы қатысушы жүрегіне сенімділік ұялататыны сөзсіз, - деді «Хабар» телеарнасының директоры және Ұлттық іріктеу қазылар алқасының мүшесі Динара Бисембина.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш байқауға Қазақстанның осымен үшінші мәрте қатысуы - «Хабар» Агенттігінің 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағының (ЕВU) қауымдасқан мүшесі атануының арқасында мүмкін болып отыр. Биыл байқаудың өтуіне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдіруде. 

Анықтама үшін:  

Байқауға 9 жастан 14 жасқа дейінгі орындаушылар  қатыса алады (финал уақыты кезінде -  яғни, 2020 жылдың 29 қарашасында үміткердің жасы осы көрсеткіштен асып кетпеуі керек ).

2018 жылы байқауға Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен қатысып, алтыншы орынға ие болды. Былтырғы  жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орын алды (қазылар алқасының шешімі бойынша  бірінші орын).

Қазақстанның барлық өңірлерінен барлығы 684 өтінім келіп түсті. Бастапқы кезеңде ұйымдастырушылардың музыкалық департаменті 72 өтінімді іріктеп алды. Олардың арасынан қазылар алқасы 30 қатысушыны таңдап алды, көрермендердің онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша 12 финалистің есімдері белгілі болды. Олар:

  1. Сайполда Ислам, 11 жас, Нұр-Сұлтан қ.
  2. Бурханова Адия, 12 жас, Алматы қ.
  3. Жұмажан Айдана, 14 жас, Алматы қ.
  4. Манарбекқызы Ақжібек, 14 жас, Нұр-Сұлтан қ.
  5. Маким Жан, 11 жас, Алматы қ.
  6. Мукитанова Айым, 13 жас, Көкшетау қ.
  7. Ғазизқызы Камила, 13 жас, Нұр-Сұлтан қ.
  8. Алтынбекқызы Сания, 13 жас, Семей қ.
  9. Тұрсынова Махинур, 14 жас, Алматы қ.
  10. Кусанова Нұршат, 10 жас, Атырау қ.
  11. Тілеубек Әйкерім, 13 жас, Нур-Султан қ.
  12. Башанова Қарақат, 12 жас, Алматы облысы, Талғар, Рысқұлов ауылы.

Ұлттық іріктеудің қазылар алқасының құрамын «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлы, «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина, әнші-композитор Қайрат Баекенов, саундпродюсер Ерлан Бекчурин, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының деканы,  продюсері Бағым Мұхитденова және халықаралық музыкалық байқаулардың жеңімпаздары - Жанар Дұғалова, Әміре, Dinaya  және Мәди Сыздықов толықтырды. Сондай-ақ, Ұлттық іріктеуге арнайы шақырылған әділ-қазы  мүшесі - белгілі композитор, продюсер, «Eurovision Song Contest» ән байқауындағы Әзірбайжан делегациясының жетекшісі Иса Меликов те қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы