JLo мен Backstreet Boys Қазақстанға қандай өзгеріс әкелді? – Зерттеу
Астана мен Алматыда өткен шетелдік орындаушылардың концерттері тұтынушылық белсенділікке ықпал етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында жариялады.
Банктің мәліметінше, бұқаралық мәдени іс-шаралардың экономикалық белсенділікке әсері бірнеше ондаған жыл бойы халықаралық деңгейде зерттеліп келеді. 2000 жылдардың басында концерттер индустриясының экономикалық ықпалын талдайтын Rockonomics тұжырымдамасы қалыптасқан болса, соңғы жылдары бұл бағыт Swiftonomics аясында дамып келеді. Екі концепция да бұқаралық мәдени шаралардың жекелеген қалалардағы экономикалық белсенділікті арттыратын фактор бола алатынын көрсетеді.
Мұндай іс-шаралар қалалардағы демалыс белсенділігінің артуына байланысты туристер ағымы арқылы да, жергілікті тұрғындардың ішкі сұранысын күшейту арқылы да тұтынуды ынталандырады.
Қазақстанда да осындай әсерлер байқалды. 2025 жылдың үшінші тоқсанында Астана мен Алматы қалаларында өткен әйгілі халықаралық орындаушылар – Jennifer Lopez және Backstreet Boys концерттері жергілікті тұтынушылық белсенділіктің өсуіне ықпал етті.
Бұл әсерді бағалау үшін аймақ пен кезең бойынша тұрақты әсерлері бар панельдік регрессия қолданылды. Әдіс өзгермейтін аймақтық ерекшеліктер мен жалпы экономикалық күйзелістерді бақылауға мүмкіндік береді. Стандартты қателіктер аймақтық кластерлеу арқылы түзетілді. Талдау маусымдық түзетілген нақты деректер негізінде жүргізілді, ал өңірлердің жалпы тепе-теңдік трендін алып тастау үшін HP сүзгісі пайдаланылды, – делінген баяндамада.
Нәтижелер қандай?
Зерттеу концерттердің қоғамдық тамақтану секторының тұтынушылық белсенділігін статистикалық тұрғыдан елеулі арттырғанын көрсетті. Ал бөлшек саудаға әсері шектеулі болып қалды.
Бағалаулар бойынша, әлемдік деңгейдегі орындаушылардың концерттері тамақтану қызметтеріндегі белсенділіктің әртіс пен қалаға қарай 5-11%-ға өсуіне әкелген. Ең жоғары әсер Астанада байқалды: концерттер қоғамдық тамақтану көлемінің алшақтығын шамамен 8,4%-ға арттырды.
Астанада өткен Backstreet Boys концерті қызмет көлеміне де, бөлшек саудаға да әсерінің салыстырмалы түрде жоғары болуымен ерекшеленді. Бұл кезеңде қалада Astana Finance Days сияқты басқа да бұқаралық іс-шаралар қатар өткенін ескерген жөн. Олар да қоғамдық тамақтану нарығындағы жергілікті белсенділікті күшейтуі мүмкін.
Жалпы талдау жаппай мәдени іс-шаралардың жергілікті тұтынушылық белсенділікке, әсіресе қоғамдық тамақтану секторында, оң әрі статистикалық тұрғыдан мәнді әсер ететінін көрсетті. Бөлшек саудаға әсердің мардымсыз болуы азық-түлік емес тауарларға шығыстардың алдын ала жоспарлануына және мәдени іс-шаралармен тікелей байланысының әлсіздігімен түсіндіріледі.
Алынған нәтижелер мұндай қысқа мерзімді серпін жергілікті баға динамикасына да ықпал етуі мүмкін екенін көрсетеді. Алайда бұл болжамды нақтылау үшін қосымша талдау қажет.
Ақша-кредит саясаты туралы баяндама не үшін жасалады?
Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты туралы баяндаманы тоқсан сайын аналитикалық басылым ретінде шығарады. Ол Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеттің базалық мөлшерлемеге қатысты шешімдерін түсіндіреді. Құжатта инфляцияға әсер ететін негізгі макроэкономикалық факторлар талданып, макроэкономикалық көрсеткіштер болжанады.
Баяндаманың электрондық нұсқасы Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланады.
Макроэкономикалық болжамдар 2025 жылғы 13 қарашадағы статистикалық деректер негізінде дайындалған.