Jezkiik фестиваліне шетелдік музыканттар келді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сербия, Венгрия, Италия және Испания музыканттары Jezkiik этникалық музыка фестиваліне келді. Ол "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, 24 тамызда Қарағанды облысының Ұлытау ауданында басталады.Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жақында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қонақтар өз әсерлерімен бөлісті. Олар өз үміттері жайлы және көшпенділердің xалық музыкасымен танысқандары туралы айтып берді. Музыканттардың айтуына қарағанда, Қазақстанға келуге олар өткен жылы Jezkiik бірінші фестивалінде болған әріптестерінің әңгімелерінен соң ниет білдірген екен.«Мен алғаш рет бұл фестиваль туралы мексикалық музыканттардан естідім. Олар бұл шара туралы өте жақсы пікір білдірді. Сонымен қатар, бұл фестиваль енді ғана қанат жайып келеді, біз оған қатысуға, өзіміз үшін жаңа нәрсе ашқымыз келді. Біздің топ 1991 жылдан бері гастрольдік сапарларға шығып келеді, біз көптеген елдерде болдық, бірақ Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Бұл біз үшін өте қызықты тәжірибе», - дейді Испаниядан келген Мария Гуерреро Гитиеррез.
Қонақтар біздің еліміздің мәдениетімен және музыкалық дәстүрлерімен жақын танысып үлгерген жоқ, алайда осы жолы мүмкіндікті жіберіп алмайтындарын айтады.
«Әрине, біз басқа елдердегі түрлі фестивальдерде қазақ халқының музыкасын естідік, бірақ оны егжей-тегжейлі зерттемедік. Күйлеріңіз алғашқыда біз үшін ерекше әсер сыйлады. Алайда, тыңдай бастағанда, барлығын ноталар бойынша бөліп, бұл өте терең және қызықты музыка екенін түсінесің, - дейді итальяндық Пьетро Маскиандаро.
Фестиваль қатысушылары Ұлытауда көрермендерге өз халқының шынайы музыкасын орындағанын айтты. Сол арқылы өз елдерінің тарихымен, дәстүрлерімен және философиясымен таныстырады.
«Музыка - әмбебап тіл. Оны аударудың қажеті жоқ, ол бәріне түсінікті. Дәл осы музыка арқылы біз Италияның өмірі - махаббат пен қуанышымызды жеткізгіміз келеді», - деп түсіндірді Пьетро Маскиандаро.
Естеріңізге сала кетейік, екінші Jezkiik этникалық музыка фестивалі ертең, 24 тамызда, Ұлытау ауданы, Болатсай жерінде өтеді. Ол "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Оған MORESCA NOVA (Италия), CARMEN GUERRERO FLAMENCO (Испания), Serbian Abrasevic band (Сербия), Dunaj banda (Венгрия) топтары қатысады.
Сондай-ақ, сахнада қазақстандық орындаушылар Айгүл Үлкенбаева, Жанғали Жүзбаев, Айгүл Қосанова, Ұлжан Байбосынова, айтыскерлер Аманжол Әлтаев және Сара Тоқтамысова, "Хассақ" этнотобы, фестивальдің соңында Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болманов, "Ұлытау" тобы, аты аңызға айналған "Дос Мұқасан" тобы, "Алтын батыр" степ – тобы, "Алатау серілері" тобы өнер көрсетеді.
Фестиваль қонақтары үшін көшпенділердің тұрмысында дәстүрлі пайдаланылған киіз, ағаш және басқа да материалдардан жасалған бұйымдар жасау бойынша шеберлік-сыныптар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қазақ ұлттық тағамдары дайындалып, ұлттық ойындар өткізіледі.