«Jastar jalyny-2021» фестивалінің жеңімпаздары марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық жоғарының оқу орындары студенттері арасында өткізілген «Jastar jalyny-2021» фестивалінің жеңімпаздары марапатталды.

Бір жұма бойы 10 номинацияның үздіктерін анықтаған байқау Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Қазақстан жастар фракциясы өткізді.

Фестивальде қаладағы 15 университеттің студенттері бар өнерін салды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Шараға қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев, сол сияқты руханият, мәдениет салаларының өкілдері қатысты.

Алғаш болып ҚР Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы «Поэзия» номинациясы бойынша үздік атанған студенттерді марапаттады. Бұл аталымда бас жүлде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Али Бекмұхамедовке бұйырды.

«Медиа» аталымы бойынша Қазақ ұлттық хореография академиясының студенті Ғұмар Сұлтанбектің туындысы үздік деп танылды. Би арқылы қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселені көтеріп көптің көңілінен шыққан талапты жасқа жүлдесін «Қазақстан КВН Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есен Елеукен тапсырды.

Кіл жүйріктен, шын жүйрікті анықтаған «Айтыс» аталымы бойынша Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ақбота Манарбектің жұлдызы жанды. Сөз додасынан оза шапқан жас ақынды филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы марапаттады.

«Ұлттық би» номинациясы бойынша Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің өнерпаздарынан құралған «Шаттық» бишілер тобы үздік атанса, жас суретшілер арасындағы сайыста Аруай Тасмағамбетованың өнері жоғары бағаланды.

«Жастар қуаты» аталымы бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерінен құралған «Самұрық» тобы мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шықты. Олардың жүлдесін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев табыс етті.

«Музыкалық аспаптар» номинациясында да Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерінен құралған шығармашылық ұжымның бағы жанды. Сәйкесінше олар жүлдені Нұр-Сұлтан қалалық Мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері Айтқали Жайымовтың қолынан алды.

«Театр» номинациясы бойынша Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері бас жүлдені жеңіп алды. «Заманауи би» және «Эстрада» аталымдарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің биші студенттері жеңіс тұғырынан көрінді.

Шара соңы фестиваль жеңімпаздарының гала-концертіне ұласты. Сонымен бірге елордалық өнерпаз жастардың қуанышын бөлісуге Ринат Малцагов, Жанар Дұғалова сынды эстрада жұлдыздары келіп, әннен шашу шашты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы