Jas Otan-дықтар 1,5 мың оқушыға компьютер табыстауға көмектесуде

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қалалық «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Мәди Ахметов онлайн брифинг барысында айтты.  Брифинг барысында ол «Мектепке жол» акциясы аясында волонтерлік ұйымдардың қызметіне тоқталып өтті.

Оқу жылы басталмас бұрын «Jas Otan» жастар қанатының еріктілері партия мүшелерінің қолдауымен Алматы қаласы бойынша 1,5 мың аз қамтылған және көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушыларға арнайы планшет, ноутбук, оқуға қажетті құралдарын табыстауға көмектесіп жатыр. Оның барлығы «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылуда. Бұл жердегі біздің волонтерлердің басты міндеті – карантиннің барлық шарттарын сақтай отырып, осы көмекті отбасыларға жеткізу. Осы уақытқа дейін партия мәслихат депутаттарының, меценаттардың қолдауымен қаладағы 1,5 мың отбасыға осындай көмек көрсетілді. Бұл жұмысқа арнайы дайындықтан, арнайы курстан өткен 50-ге жуық волонтер қатысып жатыр, - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол қалалық Білім басқармасы 75 мыңнан астам оқушыны арнайы техникамен қамтамасыз етуді іске асырып жатқанын жеткізді. 
Қазір компьютерлік техниканы оқушыларға табыстау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмысқа да біздің волонтерлер қолқабыс етуде. Бұл жұмыс 15 қыркүйекке дейін аяқталады. «Мектепке жол» акциясы биыл 12-ші рет өткізіліп отыр. Өткен жылдары көбінесе мектеп формасын алуға, арнайы құрал жабдықтармен қамтамасыз етуге бағыттайтын болсақ, осы жылы барлық күшімізді компьютерлік техникамен қамтуға жұмсап отырмыз. Бұл планшет, арнайы гаджеттер, ноутбук, компьютерлер, - деді Ахметов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы