Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарынан қаза тапқандар саны 70 мыңға жуықтады
Соңғы 48 сағат ішінде Израиль армиясының Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны тағы 7 адамға өсіп, 69 733-ке жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Газаның Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Онда израильдік шабуылдардан қаза тапқандар мен жарақат алғандар туралы толық ақпарат, сондай-ақ қираған ғимараттардың астынан шығарылған мүрделер саны берілген.
Министрліктің мәліметінше, соңғы 48 сағат ішінде Израильдің шабуылдарынан 7 палестиндік қаза тауып, тағы 30 адам жараланған.
Бітім режимі күшіне енгеннен бері Газада жалпы 318 адам қаза тауып, 788 адам жараланған. Ал қирандылар астынан 572 адамның денесі шығарылған.
2023 жылдың қазан айында басталған Израильдің Газа секторына шабуылдары салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 69 733-ке, жараланғандар саны 170 863-ке жетті.
Газа секторындағы бітім және тұтқындар алмасу жөніндегі келісім
АҚШ президенті Дональд Трамп 9 қазанда Израиль мен ХАМАС Газа секторында атысты тоқтату жоспарының алғашқы кезеңін мақұлдағанын мәлімдеді. Бұл шешім Мысырда өтіп жатқан келіссөздер барысында қабылданған.
Египетте қол қойылған келісім Израиль үкіметінің мақұлдауынан кейін 10 қазанда күшіне енді.
Алайда Израиль армиясы Газа секторындағы атысты тоқтату туралы қолданыстағы келісімге қарамастан, түрлі сылтаумен палестиналықтарға шабуыл жасауды жалғастырып келеді.