Израильде үкіметке қарсы ауқымды акция өтті
Тель-Авив қаласында ауқымды үкіметке қарсы наразылық акциясы ұйымдастырылды. Хабима алаңына жиналған жүздеген адам премьер-министр Биньямин Нетаньяху мен оның министрлер кабинетінің отставкаға кетуін талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Акцияны азаматтық қоғам өкілдерін біріктіретін «Standing Together» («Бірге тұрамыз») үкіметтік емес ұйымы ұйымдастырған. Қатысушылар қолданыстағы биліктің ішкі және сыртқы саясатын қатаң сынға алды.
Айыптаулардың негізгі тармақтары ретінде палестиналықтарға қатысты этностық негіздегі зорлық-зомбылықтың күшеюі, сондай-ақ үкіметтің 2023 жылғы 7 қазандағы оқиғалар үшін жауапкершілік алудан бас тартуы аталды. Наразылық білдірушілердің плакаттары мен транспаранттарында «Израиль елді оккупация құрбандығына айналдырып отыр» және «Қылмыскерлердің орны үкіметте емес, түрмеде» деген ұрандар жазылған.
Митингте сөз сөйлеген Израиль азаматы, палестиналық Самия Башир Израиль үкіметі дініне, ұлтына немесе жынысына қарамастан барша халықты назардан тыс қалдырды деп мәлімдеді. Ол ультраоңшыл Израиль билігін палестиналықтарға жасалған шабуылдарға көз жұма қарады және зорлық-зомбылықты қоздырып отыр деп айыптады.
Ал израильдік профессор Шикма Бреслер басты мәселе үкіметтің не істеп жатқаны емес, осы әрекеттерге қоғамның қалай жауап беретіні екенін айтты. «Біз қолымыздағы бар мүмкіндіктің бәрімен қарсылық көрсетеміз, күресеміз және жеңеміз», – деді ол.
Сонымен қатар Израильдің Газа секторына жасалған жаппай шабуылдарына резервист ретінде қатысқан Итай Штейнмец соңғы екі жыл бойы түнде ұйықтай алмай жүргенін жеткізді. Митинг барысында үкіметке 7 қазандағы оқиғаларды тергеу үшін тәуелсіз мемлекеттік комиссия құру жөнінде үндеу де жасалды.