Израильде сирек кездесетін акула шабуылынан кейін ер адам жоғалып кетті
Солтүстік Израиль жағалауында сирек кездесетін акула шабуылынан кейін бір ер адам жоғалып кетті. Оқиға дүйсенбі күні Хадера қаласының маңында, Тель-Авивтен шамамен 40 шақырым солтүстікте теңізде орын алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Куәгерлердің айтуынша, шабуыл Ольга жағажайының маңында болған. Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда адамдардың үрейлі айқайлары естіледі. Бұл жағдай жергілікті электростанцияның жанында орын алған. Аталған станция теңізге жылы су шығаратындықтан, бұл жерге акулалар жиі жиналады, әсіресе көктем кезінде. Дегенмен, олар әдетте адамға зиянсыз келеді.
Израиль мемлекеті құрылған 1948 жылдан бері ел су айдындарында акулалардың өлімге әкелген шабуылы тіркелмеген еді. Бұл жолы оқиға ерекше алаңдаушылық тудырып отыр.
Қазір полиция жағажайды жауып, жоғалған адамды іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
2021 жылы дәл осы ауданда адамдардың судағы акуланың жанынан өтіп бара жатқаны түсірілген сурет те бар.
Әлеуметтік желілерде жарияланған тағы бір видеода теңізде бірнеше жүз фут қашықтықта жүрген ер адамның аласұрып жатқаны байқалады. Жағажайдағы адамдар оның акуланың шабуылына ұшырағанын айтып, шулап жатады.
Мен су ішінде болдым, қан көрдім және адамдардың айқайын естідім. Жағалаудан бірнеше метр ғана қашықтықта болдым. Бұл — қорқынышты жағдай. Біз мұнда кеше де келгенбіз, сол кезде де акулалардың айналамызда жүзіп жүргенін көрдік, — деді оқиға куәгері Элия Мотай Ynet жаңалықтар порталына берген сұхбатында.
Оқиға болған аумақта Орот-Рабин атты Израильдегі ең ірі электр станциясы орналасқан. Бұл жерге көбіне қоңыр және құм акуласы тәрізді түрлер жиналады. Оларды станциядан шыққан жылы су мен жақын маңдағы бұлақтан келген балықтар тартады.
Ynet порталының мәліметінше, дүйсенбіде болған бұл оқиға — Израиль тарихындағы құжат жүзінде тіркелген төртінші акула шабуылы.